Қоғамның дамуы мен өркендеуі көбінесе жастарға байланысты. Себебі жастар - елдің тірегі, мемлекеттің белсенді бөлігі. Олар жаңа идеяларды енгізіп, өзгерістердің көшбасшылары бола алады. Сондықтан олардың ең басты міндеті — жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тұрақты даму үшін алға жылжу.

​Осы ретте, Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің әр өңірінде алғаш рет талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақсатында, Президенттің

2023 жылғы 15 маусымдағы № 255 Жарлығымен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервін қалыптастыру және одан тағайындау Қағидалары бекітіліп, 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде өңірлік кадр резерві қалыптастырылды.

​Бұл бастама - мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және

жас, білікті кадрларды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды қадам.

​Өз кезегінде, облысымызда Кадр комиссиясының шешімімен өңірлік кадр резервіне 30 адам іріктеліп алынды. Бұдан басқа, Президенттік жастар кадр резервінен іріктеусіз 2 адам қабылданып, жалпы резервшілер саны 32-ні құрады.

​Бұл тұста, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Өңірлік кадр резервіне қабылданған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурссыз тағайындала алады.

​Бүгінде облыстағы 32 резервшінің 19-ы тиісті лауазымдарға тағайындалды.

​Айта кету қажет, жастар қоғамның негізгі қозғаушы күштерінің бірі бола отырып, жаңашыл ойлауымен, белсенділігімен және жауапкершілігімен ерекшеленеді.

​Сондықтан, олардың энергиясы мен тың көзқарасы мемлекеттік қызметте басқару үдерістерін жетілдіруге, шешім қабылдаудың тиімділігін арттыруға және халықпен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

​Осы орайда, жастарды мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістерді тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға шақырамыз.

Нұрлан Анарбекұлы Амандық

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары