Жетісу облысында сегіз айлық сәбиі бар 18 жастағы әйелдің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Журналистің жазуынша, әйелдің туыстары оған видео жолдаған. Кадрларда сәбиін құшағына ұстаған әйел Талдықорғандағы полиция ғимаратының алдында жылап тұрған. Туыстарының айтуынша, сегіз айлық қызы бар ананы түнде ұстап, Көксу ауданындағы уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Сандуғаш Дүйсенованың мәліметінше, 18 жастағы бойжеткен баласының әкесімен кездесуге барған. Туыстары ер адамның оған материалдық көмек ретінде 25 миллион теңге беруге уәде еткенін, алайда кездесуге барған кезде қызды полиция қызметкерлері ұстағанын айтқан.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы, қандай бап бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны және әйелдің қандай негізде қамауға алынғаны ресми түрде жарияланған жоқ.

Осыған байланысты журналист Жетісу облысы полиция департаментін, облыстық прокуратураны және Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілді ресми түсініктеме беруге шақырды. Сондай-ақ, туыстарының айтуынша, анасынан ажырап қалған сегіз айлық сәбидің жағдайына қатысты қандай шаралар қабылданғанын хабарлауды сұрады.