Астанада көпқабатты үйде шыққан өрттің салдарынан үш бала көз жұмды. Қайғылы оқиға түнде Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде болды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтердің іші тұтанған. Жалынды сөндіру кезінде құтқарушылар күйік шалған әйелді құтқарып, дәрігерлерге тапсырған. Ол №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді.
"Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына дереу жетті. Жалын толықтай ауыздықталды. Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік шалған әйел құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды", - деп хабарлады ТЖМ.
Алайда, пәтер ішінен кәмелетке толмаған үш баланың денесі табылды. Өрт кезінде жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын өздігінен сыртқа шыққан.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қала әкімдігі зардап шеккен әйел мен қаза тапқан балалардың отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Фото: Әлеуметтік желіден




