Премьер-министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Әкелер күнімен құттықтады. Оның айтуынша, бұл мереке әкенің отбасы мен қоғамдағы айрықша орны мен жауапкершілігін дәріптейтін маңызды күн болып саналады.
«Баршаңызды Әкелер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке әкенің отбасы мен қоғамдағы айрықша орны мен жауапкершілігін дәріптейтін тағылымды күн.
Ұлт тарихында әке әрдайым шаңырақтың тірегі, әулеттің қорғаны, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы болып келді. Сан ғасырлар бойы қазақ әкелері перзенттерін әділдікке, адал еңбекке, үлкенді құрметтеуге, туған жер мен ата дәстүрге деген сүйіспеншілікке баулып, ізгі қасиеттерді ұрпақтан ұрпаққа аманаттап отырды. Осындай өміршең құндылықтар бүгін де отбасының берекесін арттырып, қоғамның тұтастығын нығайтатын басты негіз болып қала береді»,- деді ол.
Министр атағандай, бүгінде отбасы институтын нығайту және жауапты әке болуды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі саналады.
«Отбасы құндылықтарының айрықша маңызы еліміздің Ата Заңында да нақты көрініс тапқан. Жаңа Конституцияда неке ер мен әйелдің тең құқылы одағы ретінде айқындалып, отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілген. Бұл отбасы институтын қоғамның ең басты тіректерінің бірі ретінде нығайтуға бағытталған мемлекет ұстанымының жарқын көрінісі.
Халқымыздың отбасы құндылықтарына деген берік көзқарасын қоғамдық зерттеулер де айғақтайды. Бүгінде қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы ата-ана жауапкершілігін өмірдегі ең маңызды құндылықтардың бірі деп санайды. Ал азаматтардың 85 пайызы ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен сенімді берекелі отбасының басты кепілі деп біледі»,- деді ол.
Министр мемлекет тарапынан отбасы мен ата-аналарды қолдауға бағытталған жүйелі бастамалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде мектептер жанынан құрылған 500-ден астам Әкелер кеңесі жұмыс істейді. «Әкелер одағының» қызметі кеңейіп, қоғамдағы ықпалы артып келеді. Жыл сайын 7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған 600 мыңнан астам азамат қатысады. Ал «Ата-аналар академиясы» жобасы әкелер мен аналардың бала тәрбиесіне қатысты заманауи білім мен тәжірибе алуына мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінгі қазақстандық әке – тек отбасының асыраушысы мен қорғаны ғана емес, бала тәрбиесіне белсене араласатын, оның жан дүниесін түсініп, болашағына бағыт-бағдар беретін тұлға. Әкенің қамқорлығы, сенімі мен перзентімен бірге өткізген әрбір сәті ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, елінің ертеңіне жауапты азаматтарды тәрбиелеуге қызмет етеді.
Қазақстанның болашағы әрбір отбасыдан басталады. Сүйіспеншілікке, сыйластық пен жанашырлыққа негізделген отбасы – қуатты мемлекеттің ең берік тұғыры.
Осынау мерейлі күні барша әкелерге зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық пен шаттық тілеймін. Перзенттеріңіздің жетістігіне қуанып, олардың қызығын көріп, абырой-беделдеріңіз арта берсін!
Әкелер күні құтты болсын!»,- деді ол жазбасында.




