Адвокат Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында жұбайы, саясаткер әрі қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың туған күніне орай жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Ол екеуінің бірге өмір сүріп келе жатқанына 18 жыл болғанын айтып, осы уақыт ішінде тек ерлі-зайыпты ғана емес, бір-біріне әрдайым сүйеніш болған сенімді серікке айналғандарын жеткізді. Сондай-ақ үш баланы бірге тәрбиелеп отырғандары үшін Аллаға шүкіршілік ететінін жазды.

Инга Иманбайдың айтуынша, олар өмір жолында қуанышты сәттермен қатар түрлі сынақтарды да бірге еңсерген. Ол жолдасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілеп, балаларымен бірге әлі талай бақытты күндерді қарсы алуға ниетті екенін білдірді.

«Сені жақсы көремін! Туған күнің құтты болсын, жан жарым!» – деп жазды ол құттықтауында.

Еске салайық, Жанболат Мамай оппозицияда жүрген журналист, қоғам белсендісі. Ол қоғамда түрлі арандатушылық әрекеттер жасағаны үшін Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған.