Журналист әрі тележүргізуші Дана Нұржігіт Астанадағы танымал аллерголог-иммунолог, педиатр, медицина ғылымдарының докторы Рафаил Розенсонның дүниеден өткенін хабарлап, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Медиамаман дәрігердің ұлының өмірінде ерекше орын алғанын айтып, отбасының оған әрдайым үлкен құрметпен қарағанын жеткізді.

«Рафаил Иосифович Розенсон өмірден өтіпті. Біз ұлыммен оны "Сиқырлы дәрігер" деп атайтынбыз. Бес жасар Әлім алғашқы қабылдаудан кейін оған осы атты қойған еді. Қазір ұлым 15 жаста. Рафаил Иосифовичті Астанадағы көптеген ата-ана мен балалар жақсы білетін. Иммунолог, аллерголог, педиатр, профессор, ғалым. Құдай берген дәрігер, нағыз зиялы жан еді», – деп жазды Дана Нұржігіт.

Оның айтуынша, Рафаил Розенсон бүкіл ғұмырын адам денсаулығына арнап, дәрігерлік қызметпен қатар ғылыми және педагогикалық еңбекпен де айналысқан.

«Күн сайын ол өз ісін адал атқарды – емдеді, кеңес берді, дәріс оқыды, адамдарға қызмет етті. Себебі дәрігерлік – қызмет ету мамандығы», – деді журналист.

Дана Нұржігіт марқұм дәрігердің өз отбасына да ерекше жанашырлық танытқанын айтып, оның жарқын бейнесі жадысында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Рафаил Розенсон Астанада ұзақ жылдар еңбек еткен медицина ғылымдарының докторы, профессор, аллерголог-иммунолог және педиатр ретінде көпшілікке кеңінен танылған маман болған.