Степногорскіде инватакси қызметін дамытуға 3,8 млн теңге бөлінді. Енді арнайы көліктер жақын маңдағы ауылдарға да қатынайтын болады.
Степногорск қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватакси қызметінің аясы кеңейіп жатыр. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 3,8 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл қаражат қызмет алушылардың санын арттыруға және көліктердің жақын маңдағы елді мекендерге қатынауын ұйымдастыруға жұмсалмақ. Бүгінде қалада инватакси қызметін 65 адам пайдаланады. Жаңа бастама арнайы такси қызметін қолжетімді етіп, мүгедектігі бар жандардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді.
I топтағы мүгедектігі бар Наталья Курдюкова бұл қызметтің өмірін қалай өзгерткенін айтып берді.
"Инватакси қызметі іске қосылғалы қала ішінде ешкімнің көмегінсіз қозғалу әлдеқайда жеңілдеді. Жүргізушілер үнемі көмектеседі. Көлікке арбамен оңай кіріп, шығуға болады. Қазір өзім осында диспетчер болып жұмыс істеймін. Тапсырыстар қабылдап, бағыттарды жасаймын", - дейді ол.
Степногорск қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Анаргүл Мұхамедғалиева мұндай қызметтердің қала тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
"Инватакси – қозғалысы шектеулі жандар үшін аса қажетті қызмет. Ол ауруханаға, жұмысқа, оқуға жетуге көмектеседі. Қазір біз көлік санын көбейтіп, бағыттарды, соның ішінде жақын маңдағы кенттерге дейін кеңейтуді қолға алып жатырмыз. Бұл осындай қолдауға зәру жандарды көбірек қамтуға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді бөлім басшысы.
Степногорскіде инватакси қызметін дамыту – барша тұрғындар үшін тең мүмкіндіктер жасап, қолжетімді қалалық орта қалыптастырудағы маңызды қадам болып отыр.
Фото: Әлеуметтік желіден