Жамбыл облысы экономикалық өсім қарқыны бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өңірдің жалпы экономикалық өсімі 18,4 пайызды құрап, бұл барлық негізгі салалардағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева кеңейтілген әкімдік мәжілісінде мәлімдеді. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері қаралып, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және инфрақұрылымды дамыту бағыттарындағы нәтижелерге ерекше назар аударылды.
Жамбыл облысының экономикалық өсіміндегі негізгі драйверлердің бірі – инвестиция көлемінің айтарлықтай артуы. Есепті кезеңде өңірге негізгі капиталға 218,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары өсім қарқынын көрсетіп, облысты республика өңірлері арасында 1-орынға шығарды.
Инвестициялардың басым бөлігі жеке сектор есебінен қалыптасқан. Жеке инвестициялар көлемі 214,3 млрд теңгені құрап, жалпы инвестиция құрылымындағы үлесі 98 пайыздан асқан. Бұл өңірде бизнеске қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасып келе жатқанын және жеке капиталдың белсенді тартылып жатқанын көрсетеді.
Өнеркәсіп саласында да оң динамика байқалады. Жалпы 355,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл сектор өңір экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 63,9 пайыз үлеспен 227 млрд теңгенің өнімін шығарып, өсу қарқыны бойынша Жамбыл облысын республикадағы үздік бестіктің қатарына енгізді.
Құрылыс саласы да жоғары өсім көрсетіп отыр. Есепті кезеңде 60,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, өсім 52,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында 2-орынға ие болды. Сонымен қатар 150,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Тұрғын үй құрылысын дамытуға биыл 14,9 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінген. Қазіргі таңда 2 941 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 үйді аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында республикалық бюджет есебінен 4,9 млрд теңгеге 350 пәтер сатып алу көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында 45,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 1,9 пайыз өсім тіркелген. Мал шаруашылығында да оң динамика бар: ет өндірісі 1,4 пайызға, сүт 1,8 пайызға, жұмыртқа 34,2 пайызға артқан. Сонымен бірге ірі қара мал саны 2,8 пайызға, қой 4,4 пайызға, жылқы 13,6 пайызға, құс 10,7 пайызға көбейген.
Сауда айналымы 229,3 млрд теңгені құрап, тұтыну нарығының кеңейгенін көрсетеді. Көлік саласында қызмет көлемі 18,3 пайызға артқан. Жүк тасымалдау 1,5 есеге, жолаушылар саны 26,8 млн адамға жетіп, 1,4 есеге көбейген, ал жолаушылар айналымы 25,5 пайызға өскен.
Мәжілісте қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров барлық жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуы қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.




