Актриса Әнел Аманғалиева өзін "жеке Бишімбаев" деп атаған күйеуінің қудалап, қорқытқанын мәлімдеді. Полиция күдіктіні 25 тәулікке қамады.
Белгілі актриса Әнел Аманғалиева өзі бірге тұрмайтын күйеуі тарапынан жарты жылдан астам уақыт қудалауға ұшырағанын мәлімдеген соң, полиция оның күйеуін ұстады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Актрисаның айтуынша, некеге тұрғаннан кейін күйеуінің қарым-қатынасы күрт өзгерген. Ол өзін өлтіремін, бетіне қышқыл шашамын деп қорқытқанын, тіпті күш көрсеткенін айтады. Салдарынан өткен маусымда актрисаның мұрны сынған.
Сонымен қатар, ер адам оның жеке фото-видеоларын жариялаймын деп бопсалап, жалған аккаунттар арқылы актрисаның клиенттеріне жазған. Аманғалиеваның сөзінше, күйеуі оны үнемі жаңа нөмірлер мен аккаунттар, тіпті банк сервистері арқылы да аңдып отырған.
"Мен өзімнің жеке Бишімбаевіме тап болдым", - деп жазды Әнел Аманғалиева. Ол өз өміріне алаңдағандықтан, бұл жағдайды жария етуге мәжбүр болғанын түсіндірді.
Актриса бірнеше рет ажырасуға арыз бергенін, бірақ күйеуі оған қарсы болып, бұрынғыдан да агрессивті әрекеттерге барғанын жеткізді.
Алматы облысының полиция департаменті бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Күдікті ұсталып, Қарасай ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды. Сот шешімімен ол 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды", - делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Фото: Әнел Аманғалиеваның Instagram парақшасынан