Жаңадан келген жануарлардың есімдерін желі оқырмандары таңдайды, деп хабарлайды Todayinfo.
Чехиядан жеткізілген жануарлардың екеуі аналық, біреуі аталық. Олардың барлығы 2022 жылы туған. Зообақ мамандардың айтуынша, альпака лама жануарына ұқсас келеді. Негізінде, түйе тұқымдасына жатады. Альпаканың түгі өте төзімді және майсыз, сондықтан одан жасалған бұйымдар ұзақ уақыт бойы ластанбайды. Қазір үш альпаканың да жағдайы қалыпты. Енді зообақ қызметкерлері жаңадан келген жануарларға лақап ат бермек. Оны Instagram желісіндегі оқырмандар ұсынған есімдердің ішінен таңдап алуды жөн санап отыр.
«Біздің зоосаябағымыз жаңа жануармен толықты. Әлі күнге дейін альпакалардың лақап аттары жоқ. Достар, біз сіздерден осы сүйкімді жануарларымызға лақап ат берулеріңізді сұраймыз. Ол үшін комментариге өз нұсқаларыңызбен ұсыныстарыңызды жаза кетіңіздер. «Тұяқтылар» бөлімінің қызметкерлері ең жақсы лақап атты таңдап алатын болады», — делінген жазбада.
Аталған жазбаға оқырмандар көптеген ұсыныстар айтып жатыр. Олардың арасында «Ақмамық, Қарашаш, Қоңыртай», «Торсық, Мамық және Бота», «Блэк, Сноу и Брауни» және тағы басқа да есімдер бар.
Айта кетейік, жуырда Шымкент зообағында «GGG, Канело, Шакира» атты 3 абдан дүниеге келді.
Олардың да есімдерін желі оқырмандары таңдаған болатын.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Todayinfo.kz