Жазықсыз сотталған Алматы қаласының тұрғыны Ернар Сейдазовтың ата-анасы BI-GROUP холдингінің төрағасы Айдын Рақымбаевқа үндеу хат жолдады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі Mezgil.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Еске салып өтейік, бір ай бұрын «Mezgil.kz» порталына «ұлымыз жазықсыз сотталды» деген ата-ананың үшбу хаты жарияланған еді.
«BI-GROUP» холдингінің еншілес компаниялары – «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-де 2 ай ғана жұмыс істеген Ернар Сейдазов «96 000 000 (тоқсан алты миллион) теңгенің материалын ұрлап кетіпті» деген жалған айыппен 8 жылға сотталған.
Үкімді Алматы қаласы Алатау аудандық соты шығарған. Қамаудағы жігіттің ата-анасы Аширхан Сейдазов пен Камиланың Нурмаханова соттың шешімімен келіспейді.
«BI-GROUP» холдингінің еншілес компаниялары – «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің жеке ақшасы болса бір сәрі, бірақ мемлекеттің тапсырысымен мемлекеттің қаржысына мемлекеттік мектептер салынып жатқанын Алматы қаласы Алатау аудандық соты мен Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі алқасы мүлде елмеген. Льдетаев, Арыстанбеков деген қызметкерлер жалған куә болып, Ернар Сейдазовтың мойнына «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің басшылығы жымқырған ақшаны көзбояушылықпен арта салған.
Бұған дейін Ернар Сейдазовтың ата-анасы Президент Тоқаевқа да, Мәжілісі депутаттарының атына да араша сұрап, хат жазған еді.
Бүгін біз бауыр еті баласына қорған сұрап, шырылдаған ата-атаның тағы бір хатын оқырман назарына ұсынбақпыз.
Abai.kz – еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға, өздерінің үндерін ел билігін тізгіндеген тұлғаларға жеткізуге Қазақстанның әрбір азаматы құқылы.
BI-GROUP холдингінің
Акционері және директорлар кеңесінің төрағасы
Айдын Рақымбаев мырзаға!
Құрметті Айдын Жұмаділұлы!
Сізге еліміздің дамуына үлес қосып жүрген озық ойлы азамат, әділдік, шындық, заңдылық қағидаларын құрметтейтін адам ретінде осы хатты жолдап отырмын. Менің хатымды көңіл бөліп оқып, оң жауап бересіз деп үміттенемін.
Бұл хатта көрсетілген жағдайлар мен фактілер тек менің өтінішімді ғана емес, Сіз басқарып отырған холдингтің филиалдарындағы заңсыздықтарды, тәртіптің жоқтығын, қызметкерлердің жауапсыздығын, әсіресе қаржы саласындағы ережелердің дөрекі бұзылуын қамтиды.
(Сурет: Google іздеу жүйесінен алынды)
Мен Нурмаханова Камила BI-GROUP холдингінің «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нде жабдықтаушы болып 2021-2022 жылдары 2,5 ай жұмыс істеп, сол 2,5 айда «Каспако» ЖШС-не 62 426 380 (алпыс екі миллион төрт жүз жиырма алты мың үш жүз сексен) теңге, «Bi Global» ЖШС-не 33 679 175 (отыз үш миллион алты жүз жетпіс тоғыз мың жүз жетпіс бес)теңге шығын келтірді деген айыппен сотталып кеткен Сейдазов Ернардың анасымын.
Иә, менің балам сот үкімімен айыпты деп танылды, бірақ сот істі әділ заңды қарамады, заңсыз үкім шығарды.
Заңсыздықтың дәлелі сол – жоғалмаған затты да ұрлады деп соттап отыр.
Заңсыз үкімнің шығуына «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің материалдық жауапты тұлғалары мен қаржылық қауіпсіздік бөлімі қызметкерлерінің заң талаптарын дөрекі түрде бұза отырып жасаған құжаттары негіз болды.
Сол қызметкерлер келтірілген шығынның жауаптылығынан өз бастарын алып қашу үшін барлығын менің балам Е.Сейдазовтың мойнына ілуге барларын салды, сол үшін соттың өзіне ықпал жасады деп ойлаймын.
Себебі сот:
— «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің жасаған түгендеу тізімдері (инвентаризационные описи) ҚР Қаржы министрінің «Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығының ( ҚР ӘМ-нде 2015 жылы 6 мамырда № 10954 тіркелген) Түгендеу жүргізу тәртібі туралы 4 тарауының 61, 65, 67 тармақтарын өрескел бұза отырып жасалғанына;
— түгендеу тізімін жасауға комиссия мүшесі ретінде қол қойған қызметкерлердің сотта өздерінің түгендеуге қатыспағанын айтқанына,
— түгендеу тізімін түгендеуге қатысуға болмайтын адамдар жасағанына;
— «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нде бухгалтерлік іс-құжаттардың қалай болса солай жасалатынына, ол құжаттар кім көрінгеннің, тіпті сол мекемелерде жұмыс істемейтін адамдардың қолында жүретініне
— жоғалды деген материалдарды учаске басшылары қабылдап алып, бухгалтерия арқылы өткізіп, жеткізушілерге ақшасын төлеп қойып, одан соң ол материал жоғалды деп менің балама жала жауып отырғанына;
— менің балам Е.Сейдазов жұмыс істемеген кезде жоғалыпты деген материалды да менің баламның мойнына ілгеніне;
— түгендеу тізімі мен аудит, сараптама және сот үкімі бойынша материалдар мен шығын көлемі бойынша айырмашылықтарға
— іс бойынша материалдардың Жеткізуші компаниялардан нақты алынған-алынбағанын дәлелдейтін құжаттардың жоқтығына
— сотта «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің қызметкерлері өз қызметтік міндеттері мен болған жағдай бойынша дұрыс жауап бере алмай, материалдардың жоғалуына қалай жол берілгенін түсіндіре алмағанына
— қызметкерлердің жұмысқа деген жауапкершілігі жоқтығына, өз міндеттеріне немқұрайлылығына қарамастан ЗАҢСЫЗ үкім шығарды.
Бұл Заңсыз Үкімнің шығуына сол жауапсыз қызметкерлер ықпал жасап отыр деп ойлаймын.
Құрметті Айдын Жұмаділұлы!
Мен қазір қорғаушымен бірге кассациялық сотқа шағым дайындаудамын. Әлі де болса әділдік заңдылық болады деп үміттенемін.
«Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нде жасалған жалған құжаттардың негізінде Соттың Заң талаптарын бұза отырып шығарған үкімін қоғам талқысына салып, талқылау үшін журналистерге ақпарат беруге мәжбүр болып отырмын. Және соттағы әділетсіздікке баға беру үшін Сенат және Мәжіліс депутатарына жолдауға да хат дайындап жатырмын.
Әрине Сіз сот үкімі бар екен деп менің баламның тағдырына араласпауыңыз мүмкін.
Бірақ Сіздің холдингтің филиалдары қызметкерлерінің қалай жұмыс істейтіні туралы ақпарат Сізге қызық болар деп ойлаймын.
Мемлекеттен тапсырыстар алып, әлеуметтік құрылыстар – мектеп, емхана сияқты ірі құрылыстарды салып жатқан холдингтегі қаржы, материалдық құндылықтарға жауапты адамдардың жауапсыздығы туралы, қатаң есепте болуы тиіс құжаттардың қалай болса солай жасалатынын, тәртіптің жоқтығы туралы білуіңіз керек.
Сотта «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің менің баламнан материалды қабылдап алып, накладнойларға қол қойып берген Льдетаев, Арыстанбеков деген қызметкерлер «ол материалдарды көрген жоқпыз, Сейдазовқа сеніп қол қойдық» деп жауап берді.
Менің баламды бұрын танымайтын, білмейтін, таныстық-туыстығы жоқ адамдар жұмысқа жаңа келген адамға сеніп қалай миллиондаған ақшаның құжаттарына қол қойып бере береді? Бұл жауапсыздық па? Жауапсыздық!
Және осы жауапсыздықты Сіздің қызметкерлеріңіз үшін қалыпты жағдай деп санайды екен. Олардың сотта айтқаны «біз бір-бірімізге сеніп, тексермей жұмыс жасай береміз». Бұл сыбайласып қылмыс жасауға жол ашу!
Егер ол олардың жеке ақшасы болса бәрі бір, бірақ Сіздер мемлекеттің тапсырысымен мемлекеттің қаржысына мемлекеттік мектептер салып жатырсыздар ғой. Мемлекеттің ақшасы оңды-солды шашылып жатқан жоқ па?
Іс бойынша «Менің балам 2 ай ғана жұмыс істеп, жұмысқа кірмей-ақ миллиондаған теңгенің материалын ұрлап кетіпті. Учаске басшысы мен жоба жетекшісі материал кірген-кірмегені тексермей, накладнойға қабылдап алдым деп қол қоя беріпті. Ол ұрланған материал бухгалтерлік есеппен өтіп, ақшасы төленіп кетіпті. Одан соң да ұрлық жасала беріпті, оны ешкім тексермепті, сеніп жүре беріпті. Материал объектіге кірді ме, кірмеді ме ешкім қарамапты. Ол ұрлықты 5 айдан кейін ғана анықтапты».
Сонда бұл не деген қадағалау жоқ, ашық-шашық құрылыс?
Жауапты қызметкерлер, қауіпсіздік қызметі қайда қарайды?
Жалпы материалдық құндылықтар дұрыс есепке алынып, дұрыс саналып, дұрыс алынып-беріледі ме?
Әлде анықталғаны анықталып, анықталмағаны оңды-солды шашылып кетіп жатыр ма? Материалдар құрылыс объектілеріне жетіп жатыр ма?
Әлде қағазбен он тонна, ал нақты бір тонна кіріп, сапасыз құрылыстар салынып жатыр ма?
Сұрақ көп.
Қызметкерлеріңіз бұл сұрақтарға жауап бере алмады.
Сот та бұл сұрақтарға жауап алуға тырыспады.
Сізден жауап болатын шығар деп жазып отырмын.
Апелляциялық шағымда «Каспако» және «Bi Global» ЖШС-нің қызметкерлерінің бухгалтерлік есеп бойынша қандай заңдарды бұзып құжаттар жасағаны, сотта қандай жауап бергені, жалпы осы екі мекемеде жұмыстың қалай жүретіні туралы толық сипатталған.
Қажет десеңіз сол қызметкерлердің сотта берген жауаптарын соттан алып аудио жазба жіберуге де көмектесе аламыз.
Кездесіп, іс бойынша мән-жайларды анықтап сұрағыңыз келсе, адвокатпен бірге жеке кездесуге келуге дайынбыз.
Осы хатымды оқып, мән-жайларды тексеріп, өз қорытындыңызды жасап, пікір білдіруіңізді сұраймын.
Баламның ісі бойынша заңды шешімге қол жеткізуге ықпал жасауыңызды сұраймын.
Камила Нурмаханова
Todayinfo.kz