ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Ауыл» партиясы бастамасымен Индер ауданында «Ауыл әйелі: «Бірлік. Даму. Болашақ» тақырыбында ауыл әйелдерінің аймақтық форумы болды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Аталмыш форумға Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан 100-ге жуық аналар мен қыз-келіншектер қатынасты. Ауылдық жерлердегі әйелдердің ролін талқылау, олардың көшбасшылық әлеуетін нығайту. Әйел кәсіпкерлерді қолдау және ілгерілету, экспорт пен кооперация мүмкіндіктерін кеңейту, ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрлі құндылықтарын нығайту мақсатында ұйымдастырылған форум арнайы шерумен ашылды. Шеруді аталар мен әжелер мектебі бастап шықты. Ауданда орналасқан өндірістік мекемелер мен шаруа қожалықтарының өндірген өнімдерден көрме ұйымдастырылды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев форумның ашылуымен облыс әкімдігінің атынан құттықтап өтті.
«Бұл форум Форум жұмысына қатысушы Ұлттық комиссия мүшелеріне, Ауыл партиясына, Астана қаласы мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан арнайы келген қадірлі меймандарға Атырау облысы әкім атынан зор ризашылық білдіреміз.
Ауыл әйелінің бейнесі – ана, жар, ұстаз, кәсіпкер әрі еңбеккер ретінде еліміздің болашағы үшін маңызға ие. Сондықтан, бүгінгі форум – ауыл әйелінің мәртебесін арттырумен қатар, олардың идеялары мен ұсыныстарын ескеретін, нақты іс-шараларға негіз болатын алаң боларына сенеміз. Ауыл – біздің рухани түп-тамырымыз, дәстүр мен тәрбиенің бастауы. Ал әйел – сол ауылдың жылуын, берекесін, тірлігін сақтап отырған тірек. Бүгінгі форум аясында айтылған әрбір ұсыныс, бастама – тек ауыл әйелінің ғана емес, тұтас ауылдың, еліміздің болашағына салынған жол боларына сенемін», — деді аймақ басшысының орынбасары Марат Бисенғалиұлы өз сөзінде.
Аймақтық форумның екінші бөлімінде өз салалары бойынша белсенді қызмет атқарып жүрген бір топ қыз келіншектер «Жыл үздігі» атанып арнайы марапатталды.