Алматыда 18 жастағы студентке клиент 1 миллион теңге шәйпұл беріп кеткен, деп хабарлайды Todayinfo.
Stan.kz жазуынша, қыз «Work and travel» бағдарламасына ақша жинау үшін екі жерде жұмыс істеп жүрген екен. Ол мұндай ғажайыпқа тап болғанына сене алмаған.
Шымкент қаласының тумасы Адэма Асқарова ҚазБСҚА университетінде 2-курсты бітірген. Бұл шәйханаға жұмысқа тұрғанына көп болмаған.
“Нават менің қосымша жұмысым. Мұнда келгеніме бір айға да жетпеді. Негізі Алматы қаласы бойынша тур компанияларда гид болып жұмыс істеймін.
"Бұл оқиға кеше сағат 3-4 терге қарай болды. Шәйханаға мен танымайтын бір кісілер келді. Кәдімгідей басқа қонақтарға қалай қызмет көрсетсем, оларға да дәл солай қызмет еттім. Алты адамдай келіп, төртеуі бөлек столға, екеуі бөлек столға отырды. Не үшін бөлек отырғандарын сұрағанымда. “Бөлек әңгімеміз бар еді” деді. “Жарайды” деп ештеңе сезбедім, жай ғана шәйханамыздың ережелерімен қызмет көрсеттім. Олар ондай көп тамақ алмады. Жай ғана жеңіл тағамдарға тапсырыс берді. Сөйтіп кейін шот сұрап, QR-мен төледі. Өз тірлігіммен айналысып жүргенде есімімді атап шақырып алды. Сосын мейрамхана туралы пікір қалдырып видео түсіріп жатқандарын, менің де кадрға түсуімді сұрады. Қарсы болмадым”, – деп баяндады ол.
Бойжеткеннің айтуынша, басында ол кісілер видеода шәйхана туралы, тағамдардың дәмді екені туралы айтқан.
“Бір кезде менен “өміріңізде алған ең көп шәйпұлыңыз қанша болды?” деп сұрады. Мен 15 мың теңге дедім. “Онда мынау біздің сізге сыйлығымыз деп 1 миллион теңге шәйпұл берді. Басында сенбедім, өтірік ақша немесе бұлар маған әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Сосын бүкіл қонақтар мен өзге де даяшылар қарамас үшін астыңғы қабатқа барып санадым. 20 мың теңгеден 50 дана екен. Сосын 10 минутқа банкоматқа сұранып, жоғалып қалмас үшін бірден шотыма салып алдым. Әрине, әкімшілік бәрі бұл жайт туралы білді. Жанымда жұмыс істеген даяшылар сәл ренжулі болды. Бәріміз бірге жұмыс істегесін сәл іштей қызыға да қызғана да қарады. Ал әкімшілік қызметкерлер қатты таңғалды”, – деп қосты ол.




