Қазақстандықтардың әмиянына тікелей әсер ететін маңызды құжат бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойды.
Бұл дегеніміз – 2026 жылдан бастап еліміздегі барлық есептік көрсеткіштер өзгереді деген сөз. Ең маңыздысы, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) жаңа мөлшері белгілі болды.
АЕК қаншаға өседі?
Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 АЕК – 4 325 теңгені құрайтын болады.
Салыстыру үшін айта кетейік, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 3 932 теңгеге тең. Яғни, өсім бірден 393 теңгені құрап отыр.
Бұл қарапайым сан емес. АЕК-тің өсуі автоматты түрде айыппұлдардың, салықтардың және мемлекеттік жәрдемақылардың көбеюіне алып келеді.
Жүргізушілер үшін жаңа "тарифтер"
Жаңа жылдан бастап жол ережесін бұзу қымбатқа түспек. Ең жиі салынатын айыппұлдардың жаңа мөлшерін есептеп көрдік:
-
Жылдамдықты асырсаңыз: Егер шектен 10-20 км/сағ асырсаңыз – 21 625 теңге (5 АЕК) төлейсіз. Ал 20-40 км/сағ жылдамдық үшін – 43 250 теңге (10 АЕК) айыппұл қарастырылған.
-
Қатты жүйткігендерге: 40 км/сағ-тан артық асырғандар қалтасынан 86 500 теңге (20 АЕК) шығаруға мәжбүр болады. Бір жыл ішінде қайталанса, сома 129 750 теңгеге дейін өседі.
-
Құжатсыз жүргендерге: Көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарсаңыз – 21 625 теңге (5 АЕК).
Бағдаршам және белгілер
Қызыл түске өтіп кету немесе бағдаршамның тыйым салған белгісіне бағынбау енді 43 250 теңге (10 АЕК) тұрады. Егер бір жыл ішінде осы қателікті қайталасаңыз, айыппұл 64 875 теңгеге (15 АЕК) дейін өседі.
Жол белгілері мен таңбаларды елемегені үшін 12 975 теңге (3 АЕК) төлеуге тура келеді.
Ал егер полиция қызметкерінің "Тоқта!" деген бұйрығына бағынбасаңыз, жағдай қиын. Бұл үшін 173 000 теңге (40 АЕК) айыппұл салынады. Қайталап бұзсаңыз, жүргізуші куәлігінен айырылып, 5 тәулікке дейін қамауға алынуыңыз мүмкін.
Жаяу жүргіншілер мен қоғамдық тәртіп
Заң тек жүргізушілерге ғана қатысты емес. Жаяу жүргіншілер жол ережесін бұзса, 8 650 теңге (2 АЕК) айыппұл арқалайды.
Қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйде жүру де қымбаттады – 21 625 теңге (5 АЕК). Ал парктер мен скверлерді ластағаны үшін ең төменгі айыппұл 43 250 теңгеден басталады.
Жақсы жаңалық бар ма?
Әрине, АЕК-тің өсуі тек шығын емес. Бұл көрсеткіш жәрдемақыларды есептеуде де қолданылады.
Сондықтан 2026 жылы бала күтіміне арналған төлемдер, мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақылар да автоматты түрде көбейеді. Нақты сомалар кейінірек, индекстеуден соң жарияланады.
Сарапшылардың айтуынша, АЕК-тің жыл сайынғы өсімі – инфляцияға байланысты заңды құбылыс. Бұл ақша құнының түсуін теңестіру үшін жасалады.




