Todayinfo.kz
Жаңалықтар

АҚШ Иран порттарын қоршауға алды: мұнай бағасы бірден шарықтап кетті

АҚШ Иранның барлық портын қоршауға алатынын мәлімдеді. Дональд Трамп Тегеранды «бопсалаумен айналысты» деп айыптады, мұнай бағасы өсті.

Авторы Мухтар Жексенбаев (журналист)··1 мин оқу
АҚШ Иран порттарын қоршауға алды: мұнай бағасы бірден шарықтап кетті

АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның барлық портына теңіз блокадасын бастайтынын жариялады. Бұл шешім 13 сәуірде Шығыс жағалау уақытымен сағат 10:00-де (Қазақстан уақытымен 19:00) күшіне енеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

CENTCOM мәлімдемесіне сәйкес, қоршау Иран порттарына кіретін немесе шығатын барлық елдің кемелеріне бірдей қолданылады. Оған Парсы және Оман шығанағындағы барлық ирандық порттар кіреді. Алайда, америкалық күштер Ормуз бұғазы арқылы басқа елдердің порттарына бара жатқан кемелердің еркін қозғалысына кедергі келтірмейді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп теңіз блокадасы болатынын ескерткенімен, нақты мерзімін атамаған еді. Оның айтуынша, Иран Ормуз бұғазын ашуға уәде берген, бірақ оны қасақана орындамаған. Трамп Тегеранның бұғазды миналау арқылы бүкіл әлемді бопсалап отырғанын және Вашингтон мұндай әрекетке жол бермейтінін қатаң ескертті.

Иран Ислам Республикасы армиясының Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Шахрам Ирани Трамптың сөздерін «мағынасыз» деп атады.

"Біздің Әскери-теңіз күштерінің батыл теңізшілері аймаққа басып кірген АҚШ армиясының барлық қозғалысын бақылап отырды және бақылауды жалғастырады. АҚШ президентінің Иранды теңіз арқылы қоршауға негізделген соғыста масқара болып жеңілгеннен кейінгі қоқан-лоқысы – өте күлкілі әрі мағынасыз", - деді ол.

Осы оқиғалар аясында мұнай бағасы қайтадан өсті. ICE биржасының мәліметінше, маусым айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың бір баррелі сауда басталғанда 102,18 долларға жетті.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар