Қостанай облысында құтқарушылар мен еріктілер суға кеткен ата мен немеренің денесін іздестіріп жатыр. Ер адам немересін құтқармақ болған. Іздеу жұмыстарына ондаған адам тартылған. Олардың қатарында үш сүңгуірлер тобы бар. Аумақ әуеден дрон арқылы да тексерілуде, деп хабарлайды «ТоболИнфоға» сілтеме жасаған Todayinfo.kz.
Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 маусым күні Алтын дала ауылы маңындағы Тобыл өзенінде шомылуға тыйым салынған жерде екі адам суға кеткен. Олардың бірі – 2020 жылы туған бала.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы өзен жағасында демалып жүрген кезде бала су жиегінде ойнап жүріп, ағысы қатты жерге түсіп кеткен. Мұны көрген атасы немересін құтқару үшін суға секірген. Алайда қатты ағыс екеуін де алып кеткен.
Оқиға орнына Қостанай облысы ТЖД күштері, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері дереу жіберілген.
Іздеу-құтқару жұмыстарына шамамен 40 қызметкер, 13 техника, екі жүзу құралы және бір ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
Іздеу басталғалы бері су айдынында 32 мың шаршы метр аумақ зерттелген. Қазір үш сүңгуірлер тобы жұмыс істеп жатыр. Іздеу шаралары жалғасуда.
«Іздеу жұмыстарына көмектесіп жүрген азаматтардан су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Қайықта немесе су маңында болған кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажет. Өз қауіпсіздіктеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар», – деп атап өтті Қостанай облыстық ТЖД өкілдері.
Сондай-ақ «ДОС» жедел іздестіру жасағының еріктілері барлық бейжай қарамайтын азаматтарды көмек көрсетуге шақырып жатқаны хабарланды.




