Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Маңғыстауда жаңа жылдық безендіруге бөлінген 80 млн теңге неге жұмсалады?

Маңғыстау облысында 2026 жылды қарсы алу аясында жаңа жылдық безендіру және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға 80 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпарат агенттігінің ресми сауалына берілген жауапта айтылды. Биыл мерекелік безендіру жұмыстары облыс ау

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу

Маңғыстау облысында 2026 жылды қарсы алу аясында жаңа жылдық безендіру және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға 80 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпарат агенттігінің ресми сауалына берілген жауапта айтылды.

Биыл мерекелік безендіру жұмыстары облыс аумағындағы 2 қала, 5 аудан және 59 ауылды қамтиды. Ақтау қаласында эстетикалық безендіру жұмыстарын «New Level» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады.

Қаражат қайда жұмсалады?

Әкімдіктің мәліметінше, бөлінген қаражат орталық көшелерді көріктендіруге бағытталған. Атап айтқанда:

  • билбордтар мен перетяжкаларға баннерлер орнату;

  • тақырыптық жалаулар мен декоративті себеттер жасау;

  • кіші архитектуралық формалар (КАФ) мен фотозоналар қою;

  • мерекелік инсталляциялар дайындау көзделген.

Жаңа жылдық безендірулердің басым бөлігі жаңадан сатып алынған, ал бірқатары өткен жылғы элементтерді жаңарту арқылы қайта қолданылмақ.

Ақтауда екі алып шырша орнатылады

Ақтау қаласында биіктігі 20 метр болатын екі жаңа жылдық шырша орнатылады. Олар 15-шағынаудандағы «Амфитеатр» алаңына және 19 «А» шағынаудандағы Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің аумағына қойылады.

Шырша шамын жағу рәсімі 23 желтоқсаннан кейін жоспарланған. Шара концерттік бағдарлама, қойылымдар мен викториналар форматында өтеді. Сонымен қатар, 31 желтоқсан күні қала тұрғындарына арналған мерекелік кеш ұйымдастырылады.

Балаларға арналған жаңа жылдық ертеңгіліктер 24–27 желтоқсан аралығында Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде ақылы негізде өтеді. Ал 26 желтоқсанда «Оқушылар сарайында» қала әкімінің қатысуымен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады.

Аудандарда қалай өтеді?

Жаңаөзен, Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған және Қарақия аудандарында да мәдениет үйлері безендіріліп, жаңа жылдық концерттер мен театрландырылған қойылымдар жоспарланған. Кейбір шараларға қосымша бюджет қарастырылмаған, ал отшашулар жергілікті әкімдіктердің өз жоспарлары аясында өткізіледі.

Экология мен энергия үнемі ескерілген

Жаңа жылдық безендіру барысында LED-технологиялар қолданылады. Әкімдік мәліметінше, бұл электр энергиясын үнемдеуге және қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға мүмкіндік береді. Жарықтандыру уақыты да нақты уақытпен шектелмек.

Былтырмен салыстырғанда азайған

Айта кетейік, 2025 жылы өңірде жаңа жылдық безендіруге 98 млн теңге жұмсалған. Ал биыл бұл сома 18 млн теңгеге азайып, 80 млн теңгені құрап отыр.

Әкімдік өкілдері Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдары тұрақты түрде ескерілетінін мәлімдеді.

Ұқсас материалдар

Маңғыстауда жаңа жылдық безендіруге бөлінген 80 млн теңге неге жұмсалады? · Todayinfo