Todayinfo.kz
Жаңалықтар

Нобель сыйлығының иегері Трамп жайлы дабыл қақты: АҚШ зұлым күшке айналады

Нобель сыйлығының иегері Пол Кругман мен профессор Тим Снайдер Дональд Трамптың Иранға қатысты мәлімдемелерінен кейін алаңдаушылық білдірді.

Авторы Мухтар Жексенбаев (журналист)··1 мин оқу
Нобель сыйлығының иегері Трамп жайлы дабыл қақты: АҚШ зұлым күшке айналады

АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның азаматтық инфрақұрылымына соққы беремін деп қорқытуы америкалық ғылыми ортада үлкен алаңдаушылық тудырды. Нобель сыйлығының иегері, экономист Пол Кругман Трамптың бұл әрекеті елді түбегейлі өзгертіп, әлемдегі ең қатыгез күштердің біріне айналдыруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Принстон университетінің профессоры Пол Кругманның пікірінше, егер Трамп өз сөзінде тұрып, Иранның мәдени нысандарына шабуыл жасаса, бұл АҚШ-тың халықаралық беделіне орны толмас нұқсан келтіреді.

"Егер Дональд Трамп айтқанын істейтін болса, АҚШ түбегейлі өзгереді, әлемдегі ең зұлым күштердің біріне айналады. Бұрын әскер мұндай заңсыз бұйрықты орындамас еді. Бірақ ол соңғы 14 айда көптеген маманды қызметтен босатып, орнына өзіне ыңғайлы адамдарды тағайындап алды", — дейді ғалым.

Кругман Трамптың агрессивті риторикасын АҚШ-тың бұрынғы президенті Авраам Линкольннің ұстанымымен салыстырады. Оның айтуынша, Линкольн соғыстың ең қиын кезінде де кішіпейілділік танытып, жақсылыққа ұмтылуға шақырған. Ал Трамптың мәлімдемесі бұған мүлдем қарама-қайшы.

Тағы бір беделді ғалым, профессор Тим Снайдер бұл жағдайға басқа қырынан қарайды. Оның ойынша, Трамп соғысты өз билігін ұзарту үшін пайдаланғысы келеді.

"Ол қорғаныс бюджетін шамадан тыс ұлғайтып жатыр. Бұл — әскер мен әскери өнеркәсіп кешеніне ұсынылған орасан зор пара. Трамптың мақсаты — елде кезекті төңкеріс жасау", — деп санайды Снайдер.

Ғалым 2021 жылғы 6 қаңтарда Трамп жақтастарының Конгресті басып алуға тырысқанын еске салып, халықты мұндай қауіптің алдын алуға шақырды.

Сарапшылардың бұл пікірлері "зұлымдықпен күрескенде, өзің зұлымға айналып кетпе" деген қағиданы еске салады. Бұл ескерту тек АҚШ-қа ғана емес, сонымен қатар Газадағы әрекеттері үшін сынға ұшырап жатқан Израильге де қатысты айтылып отыр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар