Әнші Роза Әлқожа өнер жолындағы қиындықтары мен шығармашылық жолының бастауы туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

«Мен өнерге оңай келген жоқпын. Өйткені ата-анам қарсы болды, басқа салаға баруымды сұрады. 18 жасымда өмірлік жарым кездесті, 20 жасымда ұлымның анасы атандым. Алланың жоспары бәрінен мықты ғой. Әнімді жалғайтын, жаныммен сырласа алатын осы ұл туылуы керек болған шығар деп ойлаймын қазір», – деп жазды әнші.

Өнер иесінің айтуынша, 16 жасында Алматыға келгеннен кейін алғашқы үлкен сахнаға шығып, студенттік ортада танылған. Сондай-ақ ол 1999 жылы авторлық ән номинациясында жеңіске жеткенін, ал 2002 жылы төрт айлық сәбиімен бірге байқауға қатысып, сол кезеңде түрлі қиындықтарды бастан өткергенін еске алды.

«Сол күні әділетсіздіктерге мұңайғанымды көріп, мені апарған таксист: «Оңай келген оңай кетеді» деген болатын. Сол сөз өмір бойы мені қайраумен болды. Бәлкім өмірдің түрлі сәттерінде кері қайтып кетер ме едім, осы сөз ұстап тұрды. Ештеңе оңай келмеген соң қадірін білетін шығармын. Сол үшін де әлі күнге дейін өнер деп еңбектене беретін шығармын», – деді ол.

Сөз соңында әнші бүгінде ұлымен бірге шығармашылық додада қатар өнер көрсету мүмкіндігі туғанын айтып, оқырмандарынан ақ тілегін аямауды сұрады.

«Енді «ұлым менің, мұрагерім» деп додаға жүйрігіммен қатар шабуға Алла нәсіп етуде. Бақ тілеп келіңіздер, ағайын! Сіздің де құдайдан күткен қуанышыңыз еселенсін!» – деп түйіндеді Роза Әлқожа.