Todayinfo.kz
СаясатБарлық жазбаларды қарау

«Қарияның қалауы күдікті көбейтті»: экс-президенттің оқыс қылықтарынан қандай қауіп бар?

Фото: nazarbayev.kz Соңғы күндері Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңістіктегі белсенділігі қоғам назарын қайта аударды. Жуырда ол Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездессе, одан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен теле

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
«Қарияның қалауы күдікті көбейтті»: экс-президенттің оқыс қылықтарынан қандай қауіп бар?

Фото: nazarbayev.kz

Соңғы күндері Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңістіктегі белсенділігі қоғам назарын қайта аударды. Жуырда ол Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездессе, одан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл қадамдар экс-президенттің қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми дипломатиялық желісінен тыс әрекет етіп жатқандай әсер қалдырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Аталған жағдайға қатысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса алаңдаушылық білдіріп, Назарбаевтың Путинмен қайта кездесуі қазақстандық қоғам үшін қауіпті символдық мәнге ие болуы мүмкін екенін айтты. Депутаттың пікірінше, мұндай кездесулер ел ішіндегі саяси тұрақтылық пен сыртқы саясаттағы айқын ұстанымдарға қатысты сұрақтар туындатады.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздік мәселесіне назар аударып, мемлекеттік құпияларға қол жеткізген бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеу қажеттігін көтерді. Оның айтуынша, экс-президенттер мен жоғары қызмет атқарған тұлғалардың бақылаусыз шетелдік байланыстары мемлекеттің қауіпсіздігіне тәуекел тудыруы мүмкін.

“Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Қалай ойлайсыңдар, заңгер-депутат әріптестер, біз осындай заңға бастамашылық жасай аламыз ба”, – деп жазды Ермұрат Бәпи.

Депутат бұл мәселеге қатысты заңгер әріптестерін тиісті заңнамалық бастама көтеруге шақырып, ұлттық мүдде бірінші орында тұруы тиіс екенін атап өтті.

Аталған жағдай қоғамда да қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде бірқатар қолданушылар экс-президенттің сыртқы саяси байланыстарының қайта жандануын күмәнмен қабылдап, бұл әрекеттер қазіргі биліктің позициясына көлеңке түсіруі мүмкін деп есептейді. Кейбірі мұны жеке бастың ықпалын сақтап қалуға ұмтылыс деп бағаласа, енді біреулері экс-президенттің кез келген халықаралық байланысы мемлекеттік деңгейде қатаң реттелуі керек деген пікір білдіруде.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Қазақстанда экс-президенттердің мәртебесі, өкілеттігі және қозғалысын құқықтық тұрғыда нақты айқындау мәселесін қайта күн тәртібіне шығарып отыр.

Ұқсас материалдар

«Қарияның қалауы күдікті көбейтті»: экс-президенттің оқыс қылықтарынан қандай қауіп бар? · Todayinfo