Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Туа салысымен баласынан бас тарту: Алматыда 1 жылда 52 нәресте ата-анасыз қалған

Алматы қаласында туа салысымен баласынан бас тартатын аналардың саны артып келеді. Бұл туралы Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында айтылған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Басқарманың мәліметінше, перзентханаларда, перинаталдық орталықта

Авторы Айғаным Нариманова··4 мин оқу
Туа салысымен баласынан бас тарту: Алматыда 1 жылда 52 нәресте ата-анасыз қалған
Алматы қаласында туа салысымен баласынан бас тартатын аналардың саны артып келеді. Бұл туралы Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында айтылған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Басқарманың мәліметінше, перзентханаларда, перинаталдық орталықтарда және балалар ауруханаларында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-327/2020 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған ережеге сай, 3 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар «Мамандандырылған балалар үйі» КМК-да тәрбиеленеді. 2025 жылғы дерек: Өткен жылы аталған мекемеге 52 бала қабылданған, оның ішінде:
  • 18 бала – перзентханалардан (ата-ана құқықтарынан бас тарту және асырап алуға келісім беру негізінде);
  • 34 бала – Алматы қаласының балалар ауруханаларынан (тасталған балалар, ата-анасынан уақытша немесе мәжбүрлі түрде алынғандар).
Баласынан бас тартқан аналардың жас ерекшелігі:
  • 18 жасқа дейін – 2 ана (екеуі де бас тартқан);
  • 18–25 жас – 14 ана (10-ы бас тартқан);
  • 26–35 жас – 23 ана (4-еуі бас тартқан);
  • 36 жас және одан жоғары – 13 ана (2-еуі бас тартқан).
Негізгі себептер қандай? Денсаулық сақтау басқармасы аналардың әлеуметтік жағдайына байланысты бірнеше факторды атады. Олардың қатарында:
  • ауыр өмірлік жағдай,
  • студенттік өмір,
  • жұмыссыздық,
  • көпбалалы ана болу,
  • денсаулыққа байланысты қиындықтар,
  • тұрмыстық зорлық-зомбылық,
  • қаржылық тұрақсыздық бар.
Алдын алу жұмыстары жүргізіле ме? Ресми жауапта көрсетілгендей, перзентханаларда баласынан бас тарту қаупі бар аналармен психологиялық жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, балалар үйіне қабылданған сәбилердің ата-аналарына да психологиялық қолдау көрсетіледі. Балаларды орналастыру жолдары:
  • Қабылдаушы отбасы – баланы уақытша тәрбиелеу және асырау шарт негізінде жүзеге асады;
  • Арнаулы ұйымдарға уақытша орналастыру – баланың болашақ тағдыры анықталғанға дейін нәрестелер үйлері мен балаларды қолдау орталықтарында болады;
  • Отбасын әлеуметтік сүйемелдеу – егер мүмкіндік болса, ата-ана құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттік бақылау Қамқоршылық және қорғаншылық органдары баланың тұру және тәрбиелену жағдайына тұрақты мониторинг жүргізеді. Мамандардың айтуынша, баладан бас тарту деректерінің көбеюі – қоғамдағы әлеуметтік әрі психологиялық мәселелердің тереңдеп бара жатқанын көрсетеді. Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға суррогат аналардың мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады. Депутат заңнамалық база болғанына қарамастан, Қазақстандағы суррогат ана болу практикасында сын-қатер көптігін және жедел түрде шектеу мен тыйым енгізу қажеттігін айтып отыр.
— Суррогат ана қызметіне Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да тапсырыс бере алады. Халықаралық суррогат ана болу жағдайларында ата-ана мәртебесін анықтау, азаматтық мәселелері және баланың заңды танылуына қатысты жанжалдар мен сот процестері жиі туындайды. Әсіресе ата-ана мәртебесінің өзара танылмауы баланың азаматтығы болмауына немесе құқықтық мәртебесінің белгісіз болуына әкелуі мүмкін, — деді Гүлдара Нұрым Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, елдегі заңнаманың салыстырмалы түрде жеңіл болуы Қазақстанды «репродуктивтік туризм» үшін тартымды елге айналдырып отыр. Себебі көршілес елдерде (Ресей, Қытай), сондай-ақ кейбір дамыған мемлекеттерде (Германия, Франция) суррогат ана болуға толығымен тыйым салынған немесе қатаң шектеулер бар, соның ішінде коммерциялық суррогат ана болуға немесе шетел азаматтарына қызмет көрсетуге тыйым енгізілген. Грузияда да трансшекаралық суррогат ана болудың белең алуы бұл қауіптердің шынайылығын растайды. Сонымен бірге, қаржылық қиындықтарға байланысты жас әйелдердің суррогат ана болуы жаңа туған баласымен айырылысып, жағымсыз психологиялық салдар қаупін тудырады. Қомақты қаржы айналымының болуы балаларды «тауарға» айналдыру қаупін күшейтеді, «адам саудасының жаңа нысаны» ретінде бағаланады.
— Соңғы үш жылда байқалып отырған шетелдік агенттіктердің қазақстандық ЭКҰ клиникаларымен ынтымақтастыққа белсенді қызығуы қазақстандық әйелдердің биоматериалын коммерциялық мақсатта пайдалану үрдісін көрсетеді. Әйелдер өз денсаулығына тиюі мүмкін жағымсыз салдарды толық түсіне бермейді, бұл елдің генофондына және ұлт денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Шетелдік агенттіктердің қызметін уәкілетті мемлекеттік органдар қадағаламайды, себебі олар медициналық ұйым болып саналмайды. Мұндай ретсіздік нәрестелерді заңсыз саудалаудың астыртын арналарының қалыптасу қаупін тудырады, — деді Гүлдара Нұрым.
Аталған мәселелерді шешу үшін, баланың мүдделерін қамтамасыз етіп, ұлттың репродуктивтік әлеуетін сақтау мақсатында депутат бірнеше шараны ұсынды: Клиникалар мен агенттіктерді міндетті түрде лицензиялау жүйесін енгізу, сондай-ақ олардың ашық тізілімдерін жариялау. Реттеудің негізгі мақсаты суррогат аналарды мәжбүрлеуге және олардың осал жағдайын пайдалануға жол бермеу, олардың еркін, саналы және ерікті келісімін қамтамасыз ету болуы қажет. Суррогаттыққа қатысушылар арасындағы нотариалдық шарттарды цифрлық құралдармен есепке алу шараларын қабылдау және оларды нотариалдық кеңселердің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау. Қазақстан Республикасы аумағында суррогат ана қызметтерін тек Қазақстан азаматтарына ғана көрсету мәселесін қарастыру. Бұл шара «репродуктивтік туризм» салдарынан қорғау мақсатында шетел азаматтарына қызмет көрсетуге қатаң шектеулер немесе толық тыйым енгізген немесе өз азаматтарына басымдық беретін елдердің тәжірибесіне сәйкес келеді.

Ұқсас материалдар

Туа салысымен баласынан бас тарту: Алматыда 1 жылда 52 нәресте ата-анасыз қалған · Todayinfo