Ұлытау облысында кардиологиялық қызметті дамыту бағытында оң өзгерістер байқалуда. Бұл республикалық мониторингтік топтың өңірдегі медициналық ұйымдарға жүргізген бағалау қорытындысында айтылды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен өңірге арнайы барған мамандар кардиология, нефрология, ревматология және эндокринология бағыттары бойынша медициналық көмектің сапасына талдау жүргізді. Мониторинг барысында Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы бірқатар аурухана мен емхана жұмысы зерделенді.
Тексеру нәтижесінде облыста жоғары технологиялық кардиологиялық көмектің қолжетімділігі артқаны атап өтілді. Атап айтқанда, 2025 жылы коронарлық ангиография көлемі 14,5 пайызға, коронарлық стенттеу саны 29 пайызға өскен. Сонымен қатар өңірде аортокоронарлық шунттау операциялары мен кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы сәтті жүргізіліп келеді.
Жезқазған медициналық орталығы базасында үшінші деңгейдегі тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға арналған бес арнайы кабинет халыққа қызмет көрсетуде.
Мониторинг қорытындысы бойынша жедел медициналық көмек қызметінің тиімді жұмысы да жоғары бағаланды. Жіті коронарлық синдроммен түскен науқастардың 95,6 пайызы дер кезінде мамандандырылған стационарларға жеткізілген.
Мамандар өңірдегі медициналық көмектің сапасын одан әрі жақсарту үшін бірқатар ұсыныс берді. Олардың қатарында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту, созылмалы ауруларды ерте анықтау, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, телемедицина мүмкіндіктерін кеңейту және кадр тапшылығын азайту мәселелері бар.
Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы республикалық мониторингтік топтың ұсынымдары негізінде арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.




