Мәселенің төркіні 2021 жылы енгізілген реформада жатыр. Сол кезде білім бөлімдері аудан әкімдеріне емес, облыстық басқармаларға бағындырылған болатын. Ендігі жаңа өзгеріс бұл жүйені кері шегіндіріп, мектептерді қайтадан жергілікті шенеуніктердің ықпалына бермек, деп жазады Todayinfo порталы.
Ұстаздар қауымы бұл қадам білім сапасына ғана емес, мұғалімнің қоғамдағы беделіне де соққы болады деп қауіптенеді. Олардың пайымдауынша, мектептер әкімдікке өтсе, мұғалімдер қайтадан «тегін жұмыс күшіне» айналуы мүмкін.
Мұғалімдерді қандай қауіп мазалайды?
Ресми үндеуде педагогтар жүйенің өзгеруі келесідей зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Мәжбүрлі жұмыс: Мұғалімдерді сабақтан тыс уақытта көше сыпыруға, сенбіліктерге және сайлау науқандарына жегу;
Жемқорлық тәуекелі: Директорларды тағайындау кезінде кәсібилік емес, «тамыр-таныстық» факторының алға шығуы;
Тәуелділік: Әкімдік қызметкерлерінің туыстарына жоғары баға қою үшін мұғалімдерге қысым жасалуы.
«Біз “Таза Қазақстан” сияқты игі шараларды қолдаймыз, бірақ сабақтың мәжбүрлеп үзілуіне қарсымыз», – делінген үндеу мәтінінде.
Президенттен не сұрады?
Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) стандарттарына қайшы. Осыған байланысты ұстаздар Мемлекет басшысынан заңның осы тұсына вето қоюды және білім берудің вертикалды басқару жүйесін сақтап қалуды сұрап отыр.
Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша ресми петиция жариялау жоспарлануда. Мұғалімдер мен ата-аналар қауымдастығы бұл бастаманы соңына дейін қорғауға ниетті.




