Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Диас Нұрақын қытай тілінде жер сату туралы тараған жарнамаға қатысты түсініктеме берді. Ол бұл мәліметті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Оның айтуынша, желіде «қытайлар қазақтың жерін сатып жатыр» деген ақпарат кеңінен тарап кеткен. Әсіресе Алатау қаласының маңында 350 мың долларға жер телімі сатылып жатыр деген қытайша жарнама қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Диас Нұрақынның сөзінше, бұл жарнаманың артында қытайлық азаматтар емес, Дарын есімді қазақстандық риелтор тұрған. Ол Қытайда білім алған, қытай тілін меңгерген және жылжымайтын мүлікпен айналысады.
«Алатау қаласы болашақта ірі әрі заманауи қала болады деген әңгімеден кейін бұл аумақта жер бағасы күрт өсті. Бұрын арзанға алынған телімдер қазір зауыт, өндірістік база немесе кәсіпорын саламын деген адамдарға ұсынылып жатыр», – деді ол.
Баспасөз хатшысының айтуынша, жер телімдерін алушылардың арасында шетелдіктер де, отандық кәсіпкерлер де болуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда ұсыныс көп болғанымен, нақты сатып алушылар аз.
«Дарын есімді риелтордың өзі сұраныстың төмен екенін айтты. Сол себепті ол қытай тілінде жарнама жасап, инвестор тартуды көздеген болуы мүмкін. Мұның нақты себебін оның өзі ғана біледі», – деді Диас Нұрақын.
Оның сөзінше, Алатау қаласы құрылғаннан бері мемлекет тарапынан қытай азаматтары мен компанияларына бірде-бір жер телімі сатылмаған.
Сондай-ақ ол тұрғындарға сақ болуға шақырды.
«TikTok пен Instagram желісіндегі жарнамаға сеніп, жер сатып алуға асықпаңыздар. Себебі “жер сатамыз” деп жалған хабарландыру беріп жүрген алаяқтар да бар. Олар адамдарды алдап кетуі мүмкін. Сондықтан кез келген жер телімін алар алдында оның құжаттарын алып, тиісті мекемелерде міндетті түрде тексерткен жөн», – деді ол.
Диас Нұрақын Конституция нормасын да еске салды.
«Жаңа Конституцияда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі деп нақты көрсетілген. Сондықтан әлгі риелтор қытайша емес, тіпті французша жарнама жасаса да, жер бәрібір халықтікі болып қала береді», – деп түйіндеді ол.




