Ресей астанасы Мәскеу мен Мәскеу облысы түнде ауқымды дрон шабуылына ұшырады. Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, бұл соңғы екі жылдағы Мәскеуге жасалған ең ірі шабуылдардың бірі болды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бір түн ішінде елдің 17 өңіріне, соның ішінде аннексияланған Қырым мен Азов теңізі акваториясына бағытталған шабуыл тіркелген. Ведомствоның мәліметінше, әуе қорғаныс жүйелері 555 ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсірген немесе жолын кескен.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:00-ден кейін астана аспанында шамамен 194 дронның жойылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, дрондардың сынықтары «Садовод» сауда орталығы аумағына құлаған. Салдарынан ғимараттардың біріне аздаған зақым келгенімен, зардап шеккендер жоқ.
Сондай-ақ бірнеше дрон Мәскеудегі Капотня ауданында орналасқан мұнай өңдеу зауытына жеткені хабарланды. Бұл – аталған кәсіпорынның бір апта ішіндегі екінші мәрте шабуылға ұшырауы.
Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап, 16 маусымдағы өрттен кейін зауыт жұмысы толық тоқтатылып, жақын күндері қайта іске қосылуы жоспарланғанын хабарлаған еді. Агенттік мәліметінше, алғашқы мұнай өңдеу қондырғысы зақымданған.
Оқиғадан кейін Мәскеуде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бірнеше маңызды автожол учаскесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылды Ресейдің украин қалалары мен елді мекендеріне жасаған соққыларына «әбден орынды жауап» деп бағалады.




