Фото: Mark Schiefelbein/AP Photo/picture alliance
Қону жолағына қарай ұшып келе жатқан Bombardier CRJ700 жолаушылар ұшағы тікұшақпен соқтығысып, өзенге құлады. Ұшақта кемінде 64 адам болған, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
American Airlines авиакомпаниясының Bombardier CRJ700 ұшағы Вашингтон маңындағы Рональд Рейган ұлттық әуежайына қонуға кірген кезде Blackhawk әскери тікұшағына соқтығысқан. Апат 29 қаңтар, сәрсенбіде жергілікті уақыт бойынша сағат 21.00 шамасында болды, деп жазады AP агенттігі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Канзастан ұшып келе жатқан жолаушылар ұшағында 60 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болған. Соқтығысқаннан кейін ұшақ Потомак өзеніне құлаған. Әуежайда барлық рейстер тоқтатылып, өзенде құтқару жұмыстары жүргізілген. Зардап шеккендер туралы ресми ақпарат болған жоқ, алайда сенатор Тед Круз әлеуметтік желілерде «құрбандар бар«, деп жазған.
АҚШ армиясының Reuters агенттігінің дереккөзі тікұшақ жаттығу рейсін жасап жатқанын және оның бортында үш әскери қызметкер болғанын айтты. Олардың тағдыры туралы хабарланған жоқ.
AP агенттігі сілтеме жасаған Федералдық авиация әкімшілігінің мәліметі бойынша, апатқа дейін ұшақ әуежай диспетчерлерінен қону жолағын өзгертуге рұқсат сұраған. Сұранысты мақұлдағаннан кейін диспетчерлер тікұшақпен байланысып, одан жол беруін сұраған. Осыдан бір минуттан аз уақыт өткен соң соқтығысу болған.
АҚШ президенті Дональд Трамп оқиға туралы хабардар етілген. «Иеміз олардың жанын жарылқасын«, — деген Трамп, кейінірек апат туралы егжей-тегжейлі мәліметтер беретінін айтқан.