2024 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына аты әлемге әйгілі отандасымыз Димаш Құдайберген келді, деп хабарлайды Todayinfo.
Танымал әншіні академия бастығының бірінші орынбасары полковник А.Исмаилов және басшылық құрам қарсы алды. Әнші Димаш Қанатұлы осы уақытқа дейін бірде-бір мекемеге дәл осылай кездесуге бармаған екен. Бұл әншінің ең бірінші кездесуі, бұл шекарашылар үшін үлкен қуаныш, әрі мақтаныш!
Байқағанымыздай есімі әлемге әйгілі Димаш Құдайберген ұлық болсаң кішік бол демекші, қанша жерден танымал болса да тәкаппарлыққа бой алдырмай өзінің табиғи қарапайымдылығын жоғалтпаған. Сөйлеген сөзінен, сөйлеу мәдениетінен, жүрген жүрісі, киген киімінен қарапайымдылықтың исі аңқып тұр. Бұл дегеніміз – ата-анасының берген тәлімді тәрбиесінің арқасы екені анық.
Әншімен сұқбат барысында полковник Д.Белгожаев пен майор А. Досқараев оған екі тілде сұрақ қойып, кездесуді жүргізіп отырды. Орыс тілінде қойылған сауалдарға тек мемлекеттік тілде жауап берген Димаш тағы бір қырынан көрініп тіл жанашыры екенін байқатып, кездесу соңына дейін ана тілінде сөйледі.
Сахна төріндегі жайлы орындыққа жайғасқан әншіге зал толы көрермендер өздерінің көкейдегі сауалдарын қойды. Шекарашылардың қара қазанына айналған қара шаңырақтағы қызықты кездесуде курсанттардың бірі оған жасыл күнқағарлы шекарашылардың фуражкасын сыйға тартса, енді бірі Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабын тарту етті. Ал, енді санаулы айлардан соң қос жұлдызды иығына қадап лейтенант атанатын бітіріуші түлектердің бірі курсант Н.Алдажұман Димаш ағасын өздерінің маусым айында бітіруші лейтенанттар кешінің құрметті қонағы болуға өтініш жасады. Әрі қарай, Шекара академиясының әнұранын нақышына келтіре шырқады.
Өз кезегінде «Жас шекарашы» балалар әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері де әншіге бір құшақ гүл мен «Қазақстан» шоколадын сыйға берді. Кездесу барысындағы қызықты әңгімені мұқият тыңдаған курсанттар мен әскери қызметшілер мұндай қайталанып келмес тарихи сәтті қалт жібермей, кезек-кезек естелікке суретке түсіп, мәре-сәре болды.
Көзі қарақты оқырмандарымызға қосымша ақпарат ретінде танымал әншінің өсіп-өнген жанұясы жайлы жаза кеткенді жөн көрдік.
Дінмұхаммед (Димаш) Қанатұлы Құдайберген, 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаеваның отбасында дүниеге келген.
Димаштың ата-анасы танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев, облыстық филармония басшысы, анасы Светлана Айтбаева, облыстық маслихат депутаты. Димаштың ата-әжелері де өнер адамдары.
ҰҚК Шекара академиясының тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасы бастығының орынбасары полковник Даурен Куанышевич Белгожаев басқарма ұжымымен, кездесуді ұйымдастырып, әріптестеріне есте қаларлықтай ұмытылмас тарихи сәттке бастамашылдық танытты.
Todayinfo.kz