Шымкент қаласында 25 жастағы полиция тергеушісі алаяқтық жасады деген айыппен 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Todayinfo Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Еңбекші аудандық полиция басқармасының тергеушісі биыл маусым айында қылмыстық іске қатысы бар азаматтан 600 мың теңге талап еткен.Ол ақшаны алған жағдайда істі “жабуға көмектесемін” деп уәде берген.
Арнайы операция кезінде тәртіп сақшысы параны алу үстінде ұсталған. Тергеу барысында 200 мың теңгенің нақты, ал 400 мың теңгенің муляж (жалған купюра) екені анықталды. Химиялық затпен өңделген қаражат оның қалтасынан табылған.
Сот отырысында бұрынғы тергеуші кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраған. Алайда сот оның әрекетін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс деп танып, 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді, ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды.
Фото: gov.kz



