Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі өндіретін ірі зертхананың жұмысы тоқтатылды. Бұл – есірткі қылмысына қарсы жүйелі күрестің бір бөлігі, деп хабарлайды Todayinfo ІІМ-ге сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі өндірісін жою шараларын қабылдауда. «Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметі жойылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 26 және 22 жастағы екі азаматтың әрекеті тоқтатылды», – делінген ІІМ хабарламасында.
Анықталғандай, есірткі сатушылар шалғай ауылдың шетінен жеке үй сатып алып, онда «синтетика» өндірісін жолға қойған. «Тінту кезінде қолдан жасалған зертханалық жабдық, 70 кг дайын синтетикалық өнім – Альфа-РУР, сондай-ақ есірткі жасауға қолданылатын шамамен 4 тонна химиялық реагенттер мен прекурсорлар тәркіленді», – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Тергеу барысында қылмыстық әрекетті үйлестіру интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы қашықтан жүзеге асырылғаны анықталды. «Заңсыз айналымға шамамен 250 мың бір реттік дозаның түсуіне жол берілмеді. Бұл – жүздеген адамның өмірі мен денсаулығының сақталуы», – деп атап көрсетті құқық қорғау органдары.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Есірткі өндірісін ұйымдастырушыларға өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қауіп төніп тұр. ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес басым бағыттардың бірі екенін ескертіп, «есірткі өндірісін жолға қоюдың кез келген әрекеті қатаң және ымырасыз түрде жойылатынын» мәлімдеді.




