Todayinfo.kz
Жаңалықтар

Алматы мектебінде киіз үй ішінде сабақ өтеді: бұл білім берудегі жаңа әдіс

Алматыдағы №138 гимназияда киіз үй үлгісінде заманауи этно-кабинет ашылды. «Парасат шаңырағы» деп аталған бұл кабинетте ұлттық құндылықтар оқытылады.

Авторы Мухтар Жексенбаев (журналист)··1 мин оқу
Алматы мектебінде киіз үй ішінде сабақ өтеді: бұл білім берудегі жаңа әдіс

Алматыдағы М. Базарбаев атындағы №138 гимназияда киіз үй үлгісінде жасалған заманауи «Парасат шаңырағы» этно-кабинеті ашылды. Бұл – қаладағы мектептер арасында іске асырылған алғашқы осындай жоба, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жаңа білім беру кеңістігі дәстүрлі музей бұрыштарына ұқсамайды. Ол – ұлттық нақышта безендірілген, бірақ заманауи оқу құралдарымен жабдықталған толыққанды оқу кабинеті. Кабинет ішінде тұрмыстық бұйымдар, қолөнер үлгілері, дәстүрлі музыкалық аспаптармен қатар интерактивті тақта да орнатылған.

Кабинеттің ашылу салтанатына «Қазақстанның Еңбек Ері» Аягүл Миразова, «Ұстаз» қалалық кәсіподағының төрағасы Серікжан Байгуттинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлшара Есетова сияқты құрметті қонақтар қатысты.

"Жаңа кабинеттің негізгі міндеттері – оқушыларға ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұрасымен таныстыру және этнопедагогика негізінде тәрбие мен білімді үйлестіру", - деді гимназия директоры Медет Қасымбаев.

Жоспар бойынша мұнда ашық сабақтар, тәрбие сағаттары және түрлі танымдық іс-шаралар өткізіледі. Ашылу рәсімінде оқушылар Наурыз мейрамына арналған шағын қойылым көрсетіп, келген қонақтарға кабинетті таныстырды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар