Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында есірткі сатумен айналысқан ірі интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды. Арнайы операция барысында қылмыстық топтың 11 мүшесі қамауға алынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл операцияны Ішкі істер министрлігінің Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті жүргізді. Ведомствоның хабарлауынша, ұсталғандардың арасында топты ұйымдастырушылар, тапсырыс қабылдайтын операторлар және заңсыз ақша айналымын қамтамасыз еткен адамдар бар.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыстық топтың 11 қатысушысы ұсталды. Олар Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында есірткіні байланыссыз сатумен айналысқан", — деп нақтылады ІІМ өкілдері.
Тінту кезінде заңсыз айналымнан 3 келіге жуық синтетикалық есірткі, сондай-ақ қылмыстық схеманы үйлестіруге арналған байланыс құралдары, банк карталары мен цифрлық тасымалдағыштар тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі




