Ақмола облысы Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретінде жаңа ауыл шаруашылығы маусымын ауқымды жоспарлармен бастады. 2026 жылы өңір жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 трлн теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл — облыстың елдегі басты астықты аймақ ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түспек.
Бұл туралы Көкшетау қаласында өткен ірі аграрлық кеңесте мәлімделді. Жиынға 650-ден астам сала өкілдері — ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, ғалымдар және профильдік министрлік өкілдері қатысты.
Кеңесті ашқан Ақмола облысының әкімі М. Ахметжанов 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір тарихи нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Атап айтқанда, алғаш рет ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткен.
«Алдымызда тұрған міндет — қол жеткізілген нәтижені сақтап қана қоймай, заманауи технологияларды енгізу, агробизнестегі тәртіп пен тиімділікті арттыру арқылы өсімді қамтамасыз ету», — деді өңір басшысы.
Биыл облыстағы егіс алқабы 5,6 млн гектарды құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын әртараптандыруға басымдық беріледі: майлы дақылдардың егіс көлемі 600 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп базасын күшейту де жоспарланған.
Саланы ғылыми сүйемелдеуге ерекше назар аударылуда. Күрделі температуралық жағдайлар мен жоғары ылғалдылық кезінде А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары аграршыларға климаттық тәуекелдерді азайту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуде.
Мемлекеттік қолдау агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі болып қала береді. 2026 жылы бұл салаға 85,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, оның 56,6 млрд теңгесі бүгінде төленді. Мамыр айына дейін өткен жылдардағы субсидиялар бойынша берешекті толық өтеу жоспарланып отыр.
Қаржыландырудың қосымша тетігі ретінде «Кең Дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолжетімді қаржы ұсынылады. Несие мөлшерлемесі 5% деңгейінде белгіленген, бұл егіс алқаптарының едәуір бөлігін қамтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Сұлтановтың айтуынша, субсидиялаудың жаңа тетіктері бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттырып, салаға инвестиция тартуды күшейткен.
Өңірдің егіс науқанына техникалық дайындығы да жоғары деңгейде. Дала жұмыстарына 37 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде заманауи егіс кешендері жұмылдырылады.
Маусымға дайындық аясында Көкшетау қаласында AGROKOKSHETAU 2026 мамандандырылған көрмесі де өтіп жатыр. Онда 25-тен астам компанияның қатысуымен агротехнология саласындағы соңғы жаңалықтар ұсынылған.
Осылайша, Ақмола облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін айқындап, аграрлық сектордың тұрақты дамуын жалғастырып келеді.



