Астанада полиция «Сергек» жүйесімен бірлесіп, электрлі самокаттардағы нөмірлерді автоматты түрде танитын жүйені іске қосуға дайындалып жатыр. Енді жол ережесін бұзған самокатшыларға көлік жүргізушілері сияқты айыппұл салынатын болады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл шара қаладағы самокат санының 10 мыңға жетуіне және соның салдарынан жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты қабылданып отыр. Жыл басынан бері елордада самокатқа қатысты оқиғалардан 50 адам зардап шеккен. Цифрлық бақылау жүйесі жылдамдықты жақсы көретін азаматтарды тәртіпке келтіріп, жарақаттану деңгейін азайтуы тиіс.
1 шілдеден бастап ережелердің қатаңдайтынын еске саламыз. Бұдан былай самокатшылар ресми түрде жол қозғалысына қатысушы болып саналады. Осыған байланысты мынадай талаптар қойылады:
• Тәуліктің қараңғы уақытында дулыға (шлем) киіп, жарық шағылыстырғыш элементтерді тағу – міндетті;
• Жолаушы тасымалдауға және кәмелетке толмағандардың жол бойымен жүруіне тыйым салынады;
• Жолдың жүру бөлігіне тек 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтарға ғана шығуға рұқсат етіледі.
Енді заңбұзушылықты жасыру мүмкін болмайды: нейрондық желілер мен мемлекеттік нөмірлер жауапкершіліктен жалтаруға жол бермейді.
Фото: Әлеуметтік желіден




