Фото: видео скриншот Түркістан облысында өгей әкемізден қорлық көрдік деген апалы-сіңлі қыздар әділдік іздеп жүр. Олардың айтуынша, өгей әкесі 6 және 8 жаста болған кездерінен бастап азғындық әрекеттер жасап келген. Жәбірленушілер тергеу жұмысына көңілдері толмайтынын айтып, қылм
Фото: видео скриншот
Түркістан облысында өгей әкемізден қорлық көрдік деген апалы-сіңлі қыздар әділдік іздеп жүр. Олардың айтуынша, өгей әкесі 6 және 8 жаста болған кездерінен бастап азғындық әрекеттер жасап келген. Жәбірленушілер тергеу жұмысына көңілдері толмайтынын айтып, қылмыстық іс бұрмаланып, күдіктінің жазадан құтылып кетуінен қауіптенеді. Сол себепті олар бұл оқиғаны қоғам назарына шығаруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бет-жүзін жасырып, аты-жөнін жарияламауды жөн көрген қыздың айтуынша, қорлық анасы екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін басталған.
"Ол кезде үйімізде екі-ақ бөлме болатын. Анам кішкентай қызбен қонақ бөлмеде жататын. Ал бізді асүйге апарып, зорлық көрсететін. Аузымызды жауып, тұншықтыратын. Ол кезде шынымды айтсам, ештеңені қатты түсінбедім. Тек 14 жасқа келгенде ғана мәнін ұға бастадым. Мектепте жиналыс болған кезде барып түсіндім. Сол кезде қатты қорықтым… Өзімнен де қорықтым", – деді жәбірленуші.
Қазір 17 және 18 жасқа толған апалы-сіңлі қыздар күдіктінің қатаң жазаланғанын қалайды. Олардың сөзінше, сұмдық оқиға бес жыл бойы жалғасқан. Өгей әкесі қорқытып, қоқан-лоқы көрсеткеннен кейін ешкімге тіс жармағандарын айтады. Ал анасы мен туыстары бұл жайтты жақында ғана біліп, бірден құқық қорғау органдарына арызданған.
Жәбірленушілердің туысы Қыздаркүл Қыдырбекованың айтуынша, бастапқыда полиция арызды дұрыс қабылдағысы келмеген.
"Арыз жазғанда “кәмелетке толмаған қызды зорлады” деген шағым түсірдік. Бірақ бірден қабылдамады. “Ұрып-соқты” бабымен жазайық деді. Сөйтіп 17-бапқа түсірдік. 18 түрлі сараптама дайын болды. Зорланғанын дәлелдейтін қорытынды шығып қойды. Бірақ полиция қызметкерлері сол күні оны іске қоспады. Кейін үш күннен соң барып екі қыздан сұрақ-жауап алды", – деді Қыздаркүл Қыдырбекова.
Жақындарының айтуынша, 45 жастағы өгей әке қыздарға зорлық көрсетіп қана қоймай, ыдыс-аяқпен ұрып-соғып, тепкілеген. Полиция қылмыстық істің тергеліп жатқанын, күдіктінің қамауда екенін мәлімдеді.
"Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін дәлелдейтін жеткілікті деректер бар. Осыған байланысты Қылмыстық-процестік кодексінің 179 және 187-баптарына сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады", – делінген хабарламада.
Жылдар бойы күдіктімен бір шаңырақ астында тұрған қыздардың анасы бұл сұмдықты білмедім деп отыр. Айта кетейік, келіншек осы күйеуінен тағы бес бала туған.