Енді қазақстандықтар, соның ішінде жастар, бұрынғыдай еңбек кітапшасын жүргізбейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп жазады digitalbusiness.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінде еңбек кітапшасына қажеттілік жоқ. Жұмысқа орналасу үшін еңбек шартына қол қойып, оны электронды форматта тіркеу жеткілікті. Мұны Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі арқылы жасауға болады.
«Қазір еңбек өтілі еңбек кітапшасымен емес, зейнетақы аударымдары арқылы есептеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, егер жұмыс беруші сіз үшін аударым жасаса, сіздің еңбек өтіліңіз жүріп жатыр деген сөз», - деді Жақыпова.
Министр еңбек кітапшасын «архаизм» деп атап, бұл тәжірибеден әлдеқашан бас тарту керек болғанын айтты. «Еңбек кітапшасын тек естелік үшін ғана сақтауға болады», - деп түйіндеді ол.
Фото: freepik



