Лос-Анджелесте Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) генералы Касем Сүлейманидің туыстары ұсталып, олардың грин-карталарының күші жойылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
АҚШ билігінің мәліметінше, генералдың жиені Хамиде Сүлеймани Афшар Иран режимін белсенді қолдап, насихат жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ оның Иранға жиі сапарлап, сән-салтанатты өмір сүргені де айтылады. Осыған байланысты ұсталғандарды депортациялау үшін көші-қон қызметіне (ICE) тапсырған.
Алайда, марқұм генералдың отбасы бұл айыптауларды жоққа шығарып, ұсталған әйелдермен ешқандай туыстық байланысы жоқ екенін мәлімдеді.
"Бұл әйелдердің біздің отбасымызға еш қатысы жоқ", - деді генералдың қыздары.
Еске сала кетейік, Касем Сүлеймани ИРСК-ның элиталық «Әл-Құдс» арнайы бөлімшесін басқарып, Иранның шетелдегі әскери операцияларына жетекшілік еткен. Ол 2020 жылы қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамптың тікелей бұйрығымен Ирак аумағында қаза тапқан.
Бұл Иранның ықпалды тұлғаларының туыстарына қатысты АҚШ-тың алғашқы қадамы емес. Бұған дейін сенатор Марко Рубио Иран саясаткері Әли Лариджанидің қызы мен күйеуін заңды мәртебесінен айырып, елге кіруіне тыйым салған болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден




