Израиль 9 сәуірде Ливан аумағына тағы да соққы жасап, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен жарияланған бітімге қауіп төндірді. Бір күн бұрын болған шабуылдан 250-ден астам адам қаза тапқан еді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
9 сәуірге қараған түні Израиль әскері Бейруттың оңтүстік маңы мен елдің оңтүстігіндегі елді мекендерді атқылады. Шабуыл салдарынан «Хезболла» жетекшісі Наим Касемнің хатшысы әрі жиені Али Юсуф Харши қаза тапты. Сондай-ақ маңызды өткелдерге жасалған соққыдан төрт ливандық әскери қызметкер мерт болды. Осыған байланысты Бейрутта қаралы күн жарияланып, барлық мекеме жабылды.
Израиль мен АҚШ «Ливан бітім туралы келісімге кірмейді» деген ұстанымда. Премьер-министр Нетаньяху «Хезболла» ұйымына кез келген жерде соққы беруге уәде етті. Алайда Иран, Пәкістан, Ұлыбритания, Франция және Эстония премьері Кая Каллас Ливанның келісімшартқа енгізілгенін алға тартады.
Бастапқыда «Хезболла» шабуылдарды тоқтатқанымен, 9 сәуірде Израиль аумағын қайтадан атқылай бастады. Бұған жауап ретінде Иран Тель-Авивті келісімді бұзды деп айыптап, оның заңды күші жойылғанын мәлімдеді.
"Біз кез келген шабуылға жауап қайтаруға дайынбыз", - деп ескертті Иран президенті Масуд Пезешкиан.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ираннан ядролық бағдарламадан бас тартуды және Ормуз бұғазын ашуды талап етіп, олай болмаған жағдайда жаңа соққылар жасайтынын ескертті. Иранның Атом энергиясы ұйымының басшысы Мохаммад Эслами уранды байыту бағдарламасы жалғасатынын айтты.
Қазіргі уақытта Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық тұр. 1400 кеме зәкірде тұрса, тек 11-і ғана өте алған. Бұл мұнай бағасының өсуіне әкеліп, кеме қатынасы 10%-ға дейін төмендеді.
Фото: Әлеуметтік желіден




