Todayinfo.kz
Жаңалықтар

Күйеуін өлтірген әйел сот залынан босатылды: «Мен тек баламды қорғадым»

Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған әйел сот залынан босатылды. Сараптама оның қылмыс кезінде аффект жағдайында болғанын дәлелдеді.

Авторы Мухтар Жексенбаев (журналист)··2 мин оқу
Күйеуін өлтірген әйел сот залынан босатылды: «Мен тек баламды қорғадым»
Ақтөбеде күйеуін өлтірген әйел сот залынан босатылды, сот оны аффект жағдайында болған деп танып, рақымшылық жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ксения Седоваға қатысты үкім шығарды. Бастапқыда оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы, яғни «Адам өлтіру» бойынша айып тағылған. Алайда сот-медициналық сараптама оның қылмыс кезінде қатты жан күйзелісі (аффект) жағдайында болғанын анықтады. Осыдан кейін прокурор айыпты Қылмыстық кодекстің 101-бабына («Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру») ауыстыруды сұрады. Сотталушы соңғы сөзінде тек өзін және қызын қорғауға тырысқанын айтып, әділ шешім күтетінін жеткізді.
"Адам өлтіру туралы ойым болмады. Мен тек өзімді, өз баламды қорғадым", - деді Ксения Седова.
Судья Ж. Сейтжапаровтың үкімімен Ксения Седова ҚК-нің 101-бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бірақ «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес ол жазадан толық босатылып, сот залынан дереу шығарылды. Сонымен қатар, сот Седовадан жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңге моральдық және 1 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндіру туралы шешім қабылдады.
"Қатты уайымдадым. Соған қарамастан әділдік орнағанына қуаныштымын. Сот арқылы әділдікке жетуге болатынын түсіндім", - деді ол үкімнен кейін.
Еске салсақ, қайғылы оқиға сәуір айында болған. Ксения Седованың айтуынша, сол күні ол үйіне келгенде күйеуінің мас болғанын көрген. Екеуінің арасында жанжал туындап, артынша күйеуі оны құшақтамақ болғанда, әйел оны итеріп жіберген. Осыдан кейін жанжал қайта өршіп, Седова күйеуінің кеудесі мен арқасына пышақ сұққан. Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар