Todayinfo.kz
Жаңалықтар

Мирзиёев Тоқаевтың реформаларына баға берді: "Көрнекті саяси қайраткерсіз"

Тоқаев пен Мирзиёев Бұхарада кездесіп, стратегиялық серіктестікті талқылады. Өзбекстан президенті Тоқаевтың реформаларын жоғары бағалады.

Авторы Мухтар Жексенбаев (журналист)··2 мин оқу
Мирзиёев Тоқаевтың реформаларына баға берді: "Көрнекті саяси қайраткерсіз"
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға сапары аясында президент Шавкат Мирзиёевпен Бұхарада бейресми кездесу өткізді. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылап, стратегиялық серіктестікті нығайту жолдарын қарастырды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдайда бұл сапардың маңызы зор екенін атап өтіп, Өзбекстанды Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес деп атады.
"Біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік, иә болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент 2,5 мың жылдан астам тарихы бар киелі Бұхара шаһарының қазақ халқы үшін де рухани маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазақтың әйгілі ойшылы Мәшһүр Жүсіп осы қалада білім алған, ғасырлар бойы көптеген қазақ зиялылары Бұхара медреселерінде оқыған. Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев бұл кездесу екі ел арасындағы бауырластық байланысты одан әрі нығайтатынын жеткізді. Ол өзбек халқының Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформаларына шынайы қолдау білдіретінін мәлімдеді.
"Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, еліңіздің экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының мүддесіне негізделген көпвекторлы сыртқы саясат табысты жүзеге асырылып жатыр. Бұл Сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді", - деді Өзбекстан Президенті.
Мирзиёев Тоқаевтың National Interest басылымына жарияланған мақаласын ерекше ықыласпен оқығанын және ондағы прагматизм мен ашықтық туралы ойларымен толық келісетінін қосты. Кездесу соңында тараптар сауда және өндіріс салаларында нақты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын арттыруға келісті. Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар