Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Мұртаза Бұлұтайдың Қазақстанды аңсауы: қазақтарды қимаған жігіт Кеңес кемесіне құжатсыз кіріп кеткен

Фото: Мұртаза Бұлұтайдың жеке мұрағатынан Мұртаза Жүнісұлы Бұлұтай, философия ғылымдарының докторы (PhD), мәдениеттанушы, дінтанушы ғалым, өткен күндердің естелігін бөлісіп, қазақы бауырмалдық пен адами құндылықтардың маңызын еске салды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агентт

Авторы Айғаным Нариманова··3 мин оқу
Мұртаза Бұлұтайдың Қазақстанды аңсауы: қазақтарды қимаған жігіт Кеңес кемесіне құжатсыз кіріп кеткен

Фото: Мұртаза Бұлұтайдың жеке мұрағатынан

Мұртаза Жүнісұлы Бұлұтай, философия ғылымдарының докторы (PhD), мәдениеттанушы, дінтанушы ғалым, өткен күндердің естелігін бөлісіп, қазақы бауырмалдық пен адами құндылықтардың маңызын еске салды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Ғалымның айтуынша, жуырда әлеуметтік желілерде және интернет ресурстарында оның «Әнел мен Зухра, қайдасыңдар!» атты естелік мақаласы жарияланған. Бұл жазбада 1988 жылы Советтік Қазақстаннан Стамбулға келген турист қыздармен танысуы, олардың әжелері берген Отан топырағын қабыл алып, оны Қадиша апасына апарып тапсырғаны баяндалған.

Автордың сөзінше, осы естелікті оқыған көптеген адам хабарласып, пікір білдіріп, ризашылықтарын жеткізген.

«Өмірден өткен, басыңнан кешкен оқиғаны дұрыс түсініп, оған жоғары баға беріп жатса, ол жан азығы емес пе? Мұндай қолдау адамға қуат береді», – деді Мұртаза Бұлұтай.

Стамбулдағы студенттік жылдар және атамекенге деген сағыныш

Мұртаза Бұлұтай сол жылдары Стамбулдағы Босфор университетінде оқып жүргенін, сабақтан тыс уақытта тарихи Жабық базарда тері бұйымдарын сатып, жартылай жұмыс істегенін еске алды. Оның айтуынша, туристермен көп араласу тіл үйренуге және түрлі халықтардың мәдениетін тануға үлкен мүмкіндік берген.

Ғалым сол кезеңде алғаш рет Совет Одағынан келген қазақтарды көріп, олармен танысқанын айтады. Кейбір қандастардың қазақ тілін білмейтіні оны қатты таңғалдырған.

«Өзім Түркияда өстім, бірақ отбасымызда бәрі қазақша сөйлейтін. Ал атамекеннен келген кейбір қазақтардың ана тілін білмейтіні жанымды ауыртты», – деді ол.

Автор Түркиядағы тұрмыстың ауыр кезеңдерін де еске алып, жоқшылық пен тапшылық заманда өскен ұрпақтың қанағатшылдық пен сабырды ерте меңгергенін атап өтті.

Құжатсыз Кеңес кемесіне өту: бауырмалдықтың шынайы көрінісі

Ғалымдың айтуынша, Жабық базарда бір топ қазақстандық туристермен танысып, олармен екі күн бойы бірге жүрген. Туристер «Интурист» арқылы кемемен саяхаттап жүргенін айтып, Стамбул портынан жолға шығатынын жеткізген.

Сол күні оларды шығарып салуға барған Мұртаза Бұлұтай құжатсыз порт аймағына өтіп кеткен. Түрік шекарашылары оны тоқтатып, мәселе ушыға түскен.

«Қасымдағы қазақтар мені бауырымыз деп қорғап қалды. Сол сәттегі бауырмалдықты сөзбен жеткізу қиын», – деді ол.

Порт бастығының өзі де көшпенді отбасынан шыққанын айтып, жағдайды түсініп, ерекше рұқсат берген. Осылайша Мұртаза Бұлұтай үш сағатқа Кеңес Одағының «Максим Горький» кемесіне кіріп, ағайынмен бірге уақыт өткізген.

Тағдырлы кездесулер және рухани сабақ

Ғалым кейін Германияда, Мәскеуде жүріп те сол кезде танысқан қазақтармен күтпеген жерден қайта жолыққанын айтты. Бұл жағдайларды ол тағдырдың тосын сыйы деп бағалайды.

«Ол кезде “оралман”, “қандас” деген ұғымдар жоқ еді. Біз жай ғана қазақ едік», – деп еске алды ол.

Мұртаза Бұлұтай бұл естелікті жазудағы басты мақсаты – бүгінгі ұрпаққа рухани құндылықтарды еске салу екенін атап өтті.

«Адами сезімдер, бауырмалдық, жанашырлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет жоғалмаса екен», – деді ғалым.

Оның айтуынша, қандай ел болғанымызды, бүгін қандай елге айналғанымызды және ертең қандай мемлекет болатынымызды ойлау – әр азаматтың ортақ міндеті.

Ұқсас материалдар