Ыстамбұлда қастандықтан қаза тапқан қазақстандық азаматтың ісіне қатысты жаңа деректер пайда болды. Журналистер оның жеке басын анықтап, марқұмның туыстарымен сөйлескен, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Марқұмның жақындарының айтуынша, 36 жастағы Ариф Исмаилов қарапайым курьер емес, ірі кәсіпкер болған. Ол 1989 жылы Алматыда туған және 15 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан мен Түркия арасында жүк тасымалдайтын көлік-логистикалық компаниясын басқарған. Ыстамбұлға бірнеше күнге жұмыс бабымен ұшып барған.
Артында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Исмаиловтар отбасы – ұлты күрд, үшінші буыннан бері Қазақстан азаматтары.
"Ол – Қазақстан азаматы, осында туып-өсті. Түркия мен Қазақстан арасында жүк тасымалдайтын ірі компанияны кемінде 15 жыл басқарды. Ол жақта өзінің қоймалары мен қызметкерлері бар. Әдеттегідей 3-4 күнге жұмыспен барған. Оны «курьер» деп атауы қателік емес. Бұл – істің дүмпуін бәсеңдету үшін әдейі таратылған ақпарат. Өйткені кәсіпкерді өлтіру мен жай курьерді өлтірудің арасы жер мен көктей", – дейді марқұмның туысы.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде және БАҚ-та шабуыл қарызға байланысты болуы мүмкін деген болжам тараған еді. Алайда отбасы бұл ақпаратты түбегейлі жоққа шығарып, Исмаиловтың бизнесі толықтай заңды болғанын айтады.
Туыстарының мәліметінше, кісі өлтіруге үш адамның қатысы бар, олар – Грузия азаматтары болуы мүмкін. Олар тапсырыспен адам өлтіретін жалдамалы топ деп сипатталады. Күдіктілер Түркия мен Болгария шекарасында түнгі сағат 03:30 шамасында қолға түскен. Қаскөйлерді полиция мен жандармерия іздеп, тіпті дрон да қолданылған.
"Біз Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы Нуридин мырзаға және сол жерде жұмыс істейтін барлық қызметкерге алғыс айтамыз. Олардың үйлесімді жұмысына ризамыз. Сондай-ақ Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Түркия ІІМ-не кісі өлтірушілерді жедел ұстағаны үшін рақмет", – деп қосты отбасы мүшесі.
Марқұмның денесі Қазақстанға жеткізіліп, 1 сәуірде жер қойнына тапсырылды. Еске сала кетейік, қылмыс 31 наурызда Ыстамбұлдың Фатих ауданындағы Кемал-Паша ықшамауданында болған. Белгісіз біреулер ер адамды атып, оқиға орнынан ізін суытқан.
Фото: ИА «NewTimes.kz»




