Танымал адвокат Ләззат Ахатова Астанадағы Есіл аудандық полиция басқармасы мен прокуратурасының әрекетіне қатысты өткір мәлімдеме жасады. Ол өз отбасына қатысты істі мысалға келтіріп, құқық қорғау органдары заңсыздыққа жол беріп отыр деп айыптады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Адвокаттың айтуынша, 10 тамыз күні оның ұлы Бекет Асылмұрат досының туған күнін атап өту үшін барған «XS» ресто-барында күзет қызметкерлерінің соққысына жығылған. Оқиға барысында күзет бастығы Шайхислам Князьбеков бастаған бірнеше қызметкер жас жігітті ұрып-соғып, ауыр жарақат келтірген.
Салдарынан жасөспірімнің бұғанасы сынып, басынан жарақат алған. Бұл жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Ләззат Ахатованың сөзінше, дәл осы мекемеде бұған дейін де жастарға қатысты арандату жасап, кейін ақша талап ететін жағдайлар болған. Ал құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге көз жұма қарайды дейді ол.
Оқиға кезінде жәбірленушіні қорғауға тырысқан оның досы Санжар пышақ қолданды деген айыппен қамауға алынып, жарты жылдан бері тергеу изоляторында отыр. Ал қарсы тарап – күзет қызметкерлеріне қатысты іс әлі күнге дейін сотқа жетпеген.
Адвокат бірнеше рет прокуратураға, Бас прокуратураға шағымданғанымен, істің әлі күнге дейін сотқа жолданбағанын айтып отыр.
Оның мәлімдеуінше:
– Ұлының жарақаты орташа ауыр деп танылған,
– Ал күзет қызметкерінің жарақаты жеңіл деңгейде бағаланған,
– Соған қарамастан, іс әділ қаралмай отыр.
Ләззат Ахатова бұл жағдайды Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидасына қайшы деп бағалап, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне ашық үндеу жасады.
«Полиция халықты қорғау үшін бар ма, әлде қорлау үшін ме?» – деп жазды адвокат.
Ол бұл істің жалғасы бар екенін айтып, алдағы уақытта толық деректерді жариялайтынын мәлімдеді.




