Қызылорда облысында Қырғызстаннан Ресейге бет алған жолаушылар автобусы жүк көлігімен соқтығысып, жолдан шығып кетті. Оқиға салдарынан 47 шетел азаматы эвакуацияланды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Жол-көлік оқиғасы Қармақшы ауданындағы тасжолда болған. Жүк көлігімен соқтығысқан жолаушылар автобусы соққыдан кейін жыраға түсіп кеткен. Осыдан соң көлік әрі қарай жүре алмай қалған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар автобустағы барлық жолаушыны – бір баланы қосқанда, 47 Қырғызстан азаматын дереу эвакуациялады.
Барлық жолаушы жақын маңдағы жылыту бекетіне жеткізілді. Төтенше жағдай салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Фото: Әлеуметтік желіден




