Қазақстанда оқудан шығарылған студенттерге қайталама мемлекеттік гранттар берілгені анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мүшесі Төлеген Қасқын мәжілістегі үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, білім беру жүйесінде әр студент бойынша академиялық кредиттер мен қаржыландырудың орталықтандырылған есебі жоқ. «Оқудан шығарылған студенттерге гранттардың қайталама берілуінің 33 жағдайы анықталды, сомасы шамамен 85 млн теңге. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс экономиканың нақты сұранысымен жеткілікті байланыспаған. 2022 жылы басым бағыттар бойынша 9 мыңнан астам грант қажетсіз қалды, оның ішінде инженерлік мамандықтар бойынша 6 мыңнан астам және АКТ бойынша 3 мыңға жуық», — деді Қасқын.
«Жыл сайын жоғары оқу орындары 20 мыңға жуық IT-маманды дайындайды, бірақ мамандығы бойынша тек 30%-ы ғана жұмыс істейді. Бұл тек гранттар санының ғана емес, болжау сапасының, бағдарламалардың және жұмыс берушілермен байланыстың мәселесі», — деп атап өтті ол.
Қасқын оқудан шығару және міндетті жұмыс істеуге байланысты тәуекелдерге де тоқталды. «2022–2024 жылдары 24 мыңға жуық студент оқудан шығарылды, олардың оқуына 19,6 млрд теңге жұмсалған. Оның 10 мыңы бойынша жүйеде пайдаланылған гранттар сомасы туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар оқудан шығарылған студенттер бойынша қаражатты қайтарудың толыққанды тетігі жоқ. Магистратураға түсіп, кейін оқудан шығу арқылы жұмыс істеуден жалтару схемасы да бар. Тек осы санат бойынша болжамды залал 10,8 млрд теңгені құрайды. Тағы 1,5 мыңға жуық түлек «жұмыс іздеуші» мәртебесінде, бұл формальды түрде міндеттемелердің орындалуы болып есептеледі, бірақ іс жүзінде экономикаға маман бермейді», — деді ол.
Оның деректері бойынша, соңғы бес жылда білім беруге жұмсалатын шығыстар 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін өскен. Студенттер контингенті 625 мың адамға жетіп, мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 77 мың гранттан асқан. Аудит қаржыландырудың екі есе өсуіне қарамастан, жоғары білім жүйесі сапаның, ашықтықтың және нәтижеліліктің салыстырмалы өсуін қамтамасыз етпейтінін көрсетті.




