Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына орай тұрғындарға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Құттықтауды Шалкөде жайлауында өткен «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалінің салтанатты ашылуында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізді.
Президент құттықтауында осы өңірден ел мүддесіне адал қызмет еткен көптеген көрнекті тұлғалардың шыққанын атап өтті. «Райымбек – тарихы терең, ынтымағы жарасқан берекелі өңір. Осы өнегелі өлкеден көптеген тұғырлы тұлғалар шығып, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етті. Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев және өзге де көрнекі қаламгерлер шоқтығы биік шығармалар жазып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық қасиеттерін сіңірді», – делінген құттықтау хатта.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы аудан халқының ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалардағы еңбегін жоғары бағалап, олардың ел тағдырына әсер ететін бастамаларды қолдап, ұйымшылдық танытқанын атап өтті. «Аудан тұрғындарының жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауы – соның айқын дәлелі», – деді ол.
Президент өңірдің дамуына үлес қосып жүрген барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, аудан тұрғындарына бақ-береке, толағай табыс тіледі. Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған шаралар үш күн бойы жалғасып, ғылыми-танымдық конференциялар, республикалық айтыс пен концерттік бағдарламалар өтті. Мерейтой Шалкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалімен қорытындыланды.




