Todayinfo.kz
Жаңалықтар

Вьетнамда ұсталған қазақ блогері: Ол 100 млн теңгеге онлайн-казино жарнамалаған

Интерпол арқылы іздеуде жүрген қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды. Ол заңсыз онлайн-казино арқылы 100 млн теңгеден астам табыс тапқан.

Авторы Мухтар Жексенбаев (журналист)··1 мин оқу
Вьетнамда ұсталған қазақ блогері: Ол 100 млн теңгеге онлайн-казино жарнамалаған

Интерпол арқылы халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, 100 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапты деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрлігі Вьетнамның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Камрань қаласында арнайы операция жүргізген.

«Қазақстан Ішкі істер министрлігі Интерпол арналары арқылы Вьетнам Социалистік Республикасының құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогерді Камрань қаласында ұстады», - деп хабарлады полиция өкілдері.

Тергеу мәліметінше, 2,4 миллион оқырманы бар блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық видеоларын таратып, адамдарды құмар ойындарға тартқан. Осы әрекетінің нәтижесінде ол 100 миллион теңгеден астам заңсыз кіріс алған.

«Ақша оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған. Қазіргі уақытта оны Қазақстан Республикасына экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр», - деп толықтырды ІІМ.

Блогерге қатысты іздеу ісі 2024 жылдың 10 қаңтарында тіркелген. Бұған дейін, 2023 жылы Туризм және спорт министрлігі Қамзаны заңсыз онлайн-ұтыс ойындарын өткізген заңбұзушылар тізіміне енгізіп, оған 1 179 600 теңге айыппұл салған болатын.

Сондай-ақ тергеу нұсқасы бойынша, Қамза бес жыл бойы Instagram-парақшасынан бөлек, 368 мың жазылушысы бар «Қора энтертейнмэнт» атты жабық Telegram-арнасын да басқарған.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар