Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

«Заң мен тәртіп»: Шымкент әкімдігінің жұмысына саясаткер төмен баға берді

Фото: коллаж Todayinfo.kz Президент тапсырмасымен енгізілген «заң мен тәртіп» қағидасының Шымкентте толық орындалмай отырғаны соңғы уақытта орын алған бірқатар қайғылы әрі даулы оқиғалардан байқалады. Қалада күндіз-түні адам өлтіру, жас қыздың қаза табуы, кәсіпкерлерге қысым көрс

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
«Заң мен тәртіп»: Шымкент әкімдігінің жұмысына саясаткер төмен баға берді

Фото: коллаж Todayinfo.kz

Президент тапсырмасымен енгізілген «заң мен тәртіп» қағидасының Шымкентте толық орындалмай отырғаны соңғы уақытта орын алған бірқатар қайғылы әрі даулы оқиғалардан байқалады. Қалада күндіз-түні адам өлтіру, жас қыздың қаза табуы, кәсіпкерлерге қысым көрсету секілді келеңсіз жағдайлар жиілеп кетті.

Көше ортасында әйелдің бауыздалып кетуі, 21 жастағы Нұрайдың өлімі, кәсіпкерлердің бизнесін күшпен тартып алу деректері қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Бұл тек жекелеген полицейлердің емес, жалпы қалалық биліктің идеологиялық және басқару жүйесінің әлсіздігін көрсетеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Осы мәселеге қатысты саясаткер, экс-депутат Серік Абдрахманов пікір білдірді.

Серік Абдрахмановтың айтуынша, Шымкенттегі жағдайдың түп-төркіні – жүйелік жемқорлықта.

«Шымкенттегі жемқорлық пен құқық қорғау органдарының жағдайы өте күрделі. Кейбір полиция қызметкерлері қылмысты тоқтатудың орнына, өздері сол қылмыстың ішінде жүр», – деді ол.

Саясаткердің сөзінше, қоғамда резонанс тудырған істердің артында ықпалды адамдар тұруы мүмкін.

«Жас балаға қатысты ауыр қылмыс жасалса да, күдіктілер қорықпайды. Себебі артында “мықты тірек” бар екенін біледі. Мұндайда кейбір полиция қызметкерлері заң мен жауапкершілікті елемей отыр», – деді Абдрахманов.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарындағы жоғары лауазымды тұлғалардың отбасына ерекше жағдай жасалады.

«Кейбір басшылардың ұлдары мен немерелеріне арналған тойлар, сүндет шаралары өтіп жатады. Музыка қойылып, атқа мінгізіледі. Ал қарапайым халықтың мәселесіне келгенде, есік жабық», – деді саясаткер.

Сонымен қатар ол жемқорлықпен күрес органдарының жұмысына да күмән келтірді.

«Антикор сияқты құрылымдар кейде жемқорлықпен күресудің орнына, оны ұйымдастырушыға айналып отыр. Жоғары қызметтерге парамен тағайындалғандар бар», – деді ол.

Серік Абдрахманов Шымкенттегі жағдайдың шешімі саяси реформаларға тіреліп тұрғанын атап өтті.

«Бұл жүйеден шығу үшін ең алдымен әділ президенттік және парламенттік сайлау қажет. Депутаттар мен судьяларды халықтың өзі таңдауы тиіс. Әкімді де халық сайлауы керек», – деді экс-депутат.

Оның пікірінше, жергілікті билік халыққа тәуелді болуы шарт.

«Қазір әкімдік пен мәслихат толық халыққа тәуелді емес. Әкімге кіру үшін ақша беру керек деген әңгімелер бар. Сондықтан әкімнің құзыреті заңмен шектеліп, халық алдында жауап беруі тиіс», – деді ол.

Қорытындылай келе, Серік Абдрахманов Шымкенттегі жүйелік жемқорлықтан шығудың бірнеше жолын атады: – таза әрі әділ сайлау өткізу;
– депутаттар мен судьяларды халықтың таңдауы арқылы бекіту;
– әкімді тікелей сайлау;
– полиция мен құқық қорғау органдарын халыққа тәуелді ету.

Тек осы қадамдар жүзеге асқанда ғана, саясаткердің айтуынша, Шымкентте және жалпы елде заң үстемдігі орнап, әділеттілікке жол ашылады.

Ұқсас материалдар