Жетісу облысында қазақстандықтарды 36 миллион теңгеден астам қаражатқа алдап кеткен алаяқтық call-орталықтың жолы кесілді. Қылмыстық топты 23 жастағы Алматы тұрғыны басқарғаны анықталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер өз құрбандарын Telegram мессенджері мен басқа да әлеуметтік желілер арқылы тапқан. Олар азаматтардың сеніміне кіріп, банк карталарының деректерін алған, содан кейін шоттарындағы ақшаны жымқырған. Бүгінгі таңда 57 жәбірленуші полицияға арыз түсірген, ал келтірілген жалпы шығын көлемі 36 млн теңгеден асады.
Қазіргі уақытта жиналған іс материалдары сотқа жолданды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарға тағы да ескерту жасайды.
"Ешқашан банк картаңыздың деректерін, әсіресе оның артқы жағындағы үш таңбалы CVV-кодты және SMS арқылы келетін бір реттік құпиясөзді бөгде адамдарға айтпаңыз. Банк қызметкерлері бұл ақпаратты ешқашан сұрамайды", - деп ескертеді құқық қорғау органдары.
Фото: Әлеуметтік желіден




