Todayinfo.kz
Жаңалықтар

Жоқ пәтердің жұрнағы: Алаяқтардың тұрғын үй нарығында қолданатын 5 айласы

Іші жап-жарық, ауданы да жайлы, бағасы болса нарықтан әлдеқайда төмен, ал үй иесі кез келген уақытта кездесуге әзір. Сәттілік деп осыны айт, солай емес пе? Алайда, шын мәнінде, бұл қолға кілт тимей жатып, сан соғып қалатын талай жағдайдың бірі ғана. Үй саудасындағы алаяқтық – &nb

Авторы Айғаным Нариманова··5 мин оқу
Жоқ пәтердің жұрнағы: Алаяқтардың тұрғын үй нарығында қолданатын 5 айласы
Іші жап-жарық, ауданы да жайлы, бағасы болса нарықтан әлдеқайда төмен, ал үй иесі кез келген уақытта кездесуге әзір. Сәттілік деп осыны айт, солай емес пе? Алайда, шын мәнінде, бұл қолға кілт тимей жатып, сан соғып қалатын талай жағдайдың бірі ғана. Үй саудасындағы алаяқтық –  жұртты әбден мезі қылған, ең көп таралған әрі жанды ауыртатын алдау түрі. Бұл жерде тігілген сома қомақты, тәуекел де жоғары, ал арам ниеттілердің құйтырқы әрекеттері күн санап айлакерленіп барады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Осындай тұзаққа түсіп, бармақ тістеп қалмауыңыз үшін ЦентрКредит Банкімен бірлесіп, ең жиі кездесетін 5 қулықты талдап көрейік. 1-тәсіл. «Бұл пәтер дәл қазір сатылып кетті, бірақ бұдан да жақсы нұсқа бар» Көзіңізге оттай басылған тиімді хабарландыру бойынша хабарласасыз. Ал риэлтор немесе «үй иесі»: «Бұл пәтер тура бір сағат бұрын ғана жалданып (немесе сатылып) кетті», деп жауап береді. Содан соң көңіліңізді аулап: «Еш уайымдамаңыз, бізде ғана бар жабық базада дәл осындай май шелпек нұсқалар толып жатыр. Соған кіру үшін аздап ақша төлесеңіз болғаны», деп қызықтыра бастайды. Ақысын төлейсіз, бірақ соңында не база жоқ, не риэлтор жоқ. Бұл – «қармаққа түсіру» әдісі. Жоқ нұсқаны жарнамалап, жұртты байланысқа шығарады да, қолжетімсіз «эксклюзив» үшін ақша бопсалайды. Сақтану жолы: Хабарландырулар базасына кіру үшін ешқашан ақша бермеңіз. Барлық шынайы нұсқаларды ашық платформалардан тегін-ақ табуға болады. 2-тәсіл. «Қызыққандар көп, қолдан шығарып алмас үшін ақша тастап қойыңыз» Хабарландырудағы суреттер көздің жауын алады, бағасы да көңілге қонымды, ал иесі – алдыңыздан кесіп өтпейтін сыпайы жан. Бірақ пәтерді дәл қазір көруге мүмкіндік жоқ. Себебі иесі не басқа қалада жүр, не жұмыстан қолы босамайды, болмаса «жөндеу жүріп жатыр» деп сылтауратады. Оның орнына «нұсқаны өзіңізге бекітіп қою» үшін аздап ақша аударуды ұсынады. Ақшаны аударған соң – жым-жырт. Телефон сөндірулі. Ал әлгі жарнама жаңа құрбандарын күтіп, әлі де ілулі тұрады. Алаяқтардың негізгі айласы осы: қаланың ең таңдаулы тұрғын үй кешендерінен пәтер жарнамалап, оны көзбен көрмеген адамдардан ақша жинай береді. Сақтану жолы: Пәтерді өз көзіңізбен көрмей және келісімшартқа қол қоймай тұрып, қуанып көрімдік те, «бронь» да, ешқандай алдын ала төлем де жасамаңыз. Егер үйді көрсетуден қашса, бұл алаяқтың белгісі. 3-тәсіл. Пәтер бар, иесі – жоқ Алаяқ алдымен пәтерді тәулікке жалдап алады да, үй иесінің құжаттарын көшіріп үлгереді. Содан кейін сол үйді ұзақ мерзімге жалға беру немесе тіпті сату туралы жарнама іледі. Бірнеше адаммен кездесіп, бәрімен келісімшарт жасасады, алдын ала төлем мен кепіл ақшаны (депозит) жинап алады да, әрқайсысына кілттің көшірмесін ұстатады. Ал көшіп келетін күні бір есіктің алдында бірнеше «жаңа тұрғын» жиналып, бәрі де сан соғып қалады. Дәл осы қулық сауда-саттық кезінде де қолданылады. Алаяқтар жалған сенімхатпен немесе үйдің ешқандай қарызы жоқ деген қолдан жасалған анықтамаларын қолданып, пәтерді бірнеше адамға қатар «сатып» жібереді. Сақтану жолы: Үй иесінің өзінің келуін немесе нотариус куәландырған сенімхатты талап етіңіз. Мүлікті электронды мемлекеттік тізілім арқылы тексертіңіз, онда нақты қожайын кім екені және үйдің кепілде тұрған-тұрмағаны тайға таңба басқандай көрінеді.   4-тәсіл. “Үй жөнделді, енді босатыңыз” Бұл жолы алаяқтыққа пәтер иесінің өзі баруы мүмкін. Ол үйін «жөндеу жасап алсаңыз болды» деген желеумен тым арзанға ұсынады. Жалға алушы бар күш-жігерін салып, ақшасын жұмсап, үйді жайнатып шығарады. Алайда пәтердің сәні кіріп, «тауарлық түрі» қалыптасқан сәтте, қожайынның мінезі де, жоспары да кілт өзгереді. Ол ұсақ-түйекке шүйлігіп, қисынсыз кінә таға бастайды немесе депозитті қайтармаудың амалын іздейді. Ақыр соңында, жөндеуі жаңа үйден жалдаушыны түрлі қысыммен біртіндеп шығарып тынады. Бұл – өзгенің еңбегі мен қаражаты арқылы үйін тегін жаңартып алудың құйтырқы жолы. Сақтану жолы: Үйге кірерде оның әр бұрышын фото мен видеоға мұқият түсіріп алыңыз. Ең бастысы, келісімшартта жөндеу шарттарын, жұмсалған шығынның қалай өтелетінін және кепіл ақшаны (депозит) қайтару тәртібін бүге-шігесіне дейін жазып көрсетіңіз. Ресми келісімсіз үйге бір тиын да шығын шығармағаныңыз абзал. 5-тәсіл. Суретте – алтын сарай, өмірде - атқора Жарнамада нақты мекенжайы мен көздің жауын алатын әдемі суреттер көрсетіледі. Алайда үйді көруге барғанда, мүлдем басқа жайтқа тап боласыз. Пәтер басқа ауданда болып шығады, жағдайы да суреттегіден әлдеқайда нашар, ал бағасы болса керісінше қымбат. Мұнда алаяқтар адамның психологиясына шабуыл жасайды. «Уақытым кетті, отбасыммен келіп тұрмын, іздеуді қайта бастағанша осыған-ақ келісе салайын» деген оймен тиімсіз болса да қол қоюыңызды көздейді. Бұл – жұрттың уақытын ұрлап, амалсыз көндіру әдісі. Сақтану жолы: Үйге аттанбас бұрын нақты мекенжайын сұрап, оны картадан тексеріп алыңыз. Егер хабарландырудағы мәлімет пен айтылған сөз сәйкес келмесе, уақытыңызды босқа шығындамаңыз. Сақтықта қорлық жоқ Жылжымайтын мүліктің нарықтан тыс арзан бағалануы – сәттілікке қарағанда, алдау-арбауға көбірек ұқсайды. Нарықтың өз заңы, үйдің өз бағасы бар, ешкім де «жайдан-жай» тегін дүние үлестірмейді. Алаяқтар адамның үнемдесем деген ниетін қармақ ретінде пайдаланады, олардың ұсыныстарының тым тартымды болатыны да содан. Құжаттарды жіпке тізгендей мұқият тексеріңіз, келісімшартқа қол қойып, мөр басылмай тұрып ешкімге көрімдік те, төлем де бермеңіз. Кез келген мәмілені нотариус арқылы заңдастырып, ішкі түйсігіңізге құлақ түріңіз: егер бір нәрсе көңіліңізге күдік ұялатса, демек оның астарында бір шикіліктің бары анық. ЦентрКредит Банкі ескертеді: Қауіпсіз сауда соқыр сенімге емес, мұқият тексеру мен байыпты шешімге сүйенеді. Қаржылық қауіпсіздік пен сауаттылыққа қатысты тың мағлұматтарды BCC Journal-дан оқи аласыз.

Ұқсас материалдар