Тоқаев “Алатау” цифрлық мегаполисі жобасы міндетті түрде табысты жүзеге асып, Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуының жаңа үлгісіне айналуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің сөзінше, елге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі үш еседен аса өскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12% артып, 20 миллиард доллардан асты.

“Қазақстан қазір экономиканы әртараптандыруға бағытталған жаңа инвестициялық кезеңге қадам басты. Әртараптандыру жай ғана ұран емес, күрделі әрі жауапты міндет. Бүгінде инвестициялар өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, энергетика және цифрлық инфрақұрылым сияқты стратегиялық маңызды салаларға бағытталып жатыр. Бұл елдің дамуына оң әсер етеді”, – деді Тоқаев. 

Президент “Алатау” арнайы құқықтық режимі туралы конституциялық заңға ерекше тоқталды.

“Бұл заң шетелдік және отандық бизнеске кең мүмкіндіктер ашады. Сондықтан осы бірегей заңнамалық актінің әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Жедел дамитын цифрлық мегаполистерді, инновациялық кластерлерді және жоғары өнімді индустрияларды құру Қазақстанды Еуразиядағы жоғары технологиялық әрі іскерлік хабқа айналдыруға бағытталған”, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, Қазақстан тұрақты экономикалық өсудің мүлде жаңа үлгісіне ие болады.